Қызылорда облысында ауыл тұрғыны қойдың жүніне картоп екті
Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақжар ауылының тұрғыны ерекше әдіспен картоп екті,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Сырдария өзенінің деңгейі төмендегелі Ақжар ауылының ішіндегі арыққа су келмейтін болған. Дегенмен ауыл тұрғыны Талғат Лекеров жер асты суын пайдалануға көшкен. Сонымен қатар көкөніс егудің тиімді тәсілін тауып отыр. Ол үй ауласындағы алақандай жерге қойдың жүнін төсеп, оған картоп тұқымын тастайды. Ал үстін сабанмен жауып, көңмен көмген. Арасы дымқылданып, картоп тез піседі екен. Ал жүн мен сабан шіріп, топыраққа құнар береді.
Бірнеше шаршы метр жерден 300 келі картоп жинаған ол, дәл сол жерге тамыздың басында сәбіз егіп үлгеріпті. Осылайша бір жерден екі рет өнім жинап алмақ.
Талғаттың үйінің ауласында арық жоқ. Егінді себелеп қана суарады. Дүкеннен бау-бақша, көкөніс өнімдерін сатып алмайтын еңбекқор жан, азғантай сумен аядай жерден мол өнім алудың әдісін ауыл жастарына да үйретуден жалықпайды екен.
Бұл отбасы жиын-терімді қыс бойы жертөледе сақтайды. Бұл қарапайым отбасының бюджетін үнемдеуге айтарлықтай сеп болады. Келер жылы экзотикалық өсімдіктерді де ерекше әдіспен күтімге алуды көздеп отырмын дейді ізденімпаз жан.