ШИЕЛІ ЖАСТАРЫ ТАРИХИ ОРЫНДАРДЫ ТАЗАРТУҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСТЫ

1 507

Шиелі ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Таза Қазақстан аясында маңызды әрі тағылымы мол «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – бір ұғым» атты жалпыхалықтық акциясы өтті. Аталған шара Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып, өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен тарихи мұраларды сақтау бағытындағы нақты істердің біріне айналды.

Тазалық шарасы Шиелі өңіріндегі киелі әрі тарихи маңызы зор орындардың бірі – Сауысқандық шатқалы аумағында да кең көлемде ұйымдастырылды. Қарт Қаратау жотасының етегінде орналасқан бұл ерекше нысан табиғи сұлулығымен ғана емес, терең тарихи мазмұнымен де құнды. Акция барысында аудан жастары мен еріктілер бірлесіп, шатқал аумағында сенбілік өткізіп, қоршаған ортаны қоқыстан тазартты, табиғатты қорғауға бағытталған нақты жұмыстар жүргізді.

Айта кету керек, Сауысқандық шатқалындағы жартастарда бейнеленген суреттер – адамзат тарихының көне кезеңдерінен сыр шертетін аса құнды мұра. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жартас суреттері біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдыққа тиесілі. Олар сол заманғы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен мәдениеті туралы маңызды ақпарат береді. Сондықтан мұндай тарихи ескерткіштерді сақтау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі.

Шараға қатысқан жастар туған жерге деген жанашырлықтарын нақты іспен дәлелдеп, тарихи-мәдени мұраларды қорғау, табиғатты аялау және вандализмнің алдын алу бағытындағы азаматтық ұстанымдарын айқын көрсетті. Олар тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау және табиғи байлықтарды көздің қарашығындай қорғау қажеттігін насихаттады.

Бұл бастама – өскелең ұрпақтың ел болашағына бейжай қарамай, жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып қалыптасып келе жатқандығының жарқын көрінісі. Жастардың белсенділігі мен ұйымшылдығы қоғамда оң өзгерістердің қалыптасуына, ортақ құндылықтардың нығаюына ықпал етеді.

Мұндай игі шаралар қоғамда тазалық пен тәртіп мәдениетін орнықтырып қана қоймай, табиғатқа деген құрмет пен жанашырлықты арттыра түседі. Сонымен қатар, тарихи орындарды сақтау мен оларды келер ұрпаққа аман жеткізу ісіне де серпін береді.

Алдағы уақытта да Шиелі ауданында осындай экологиялық және тәрбиелік мәні зор бастамалар жалғасын тауып, өңірдің табиғи және тарихи байлығын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге аса бермек.


Фото: @Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі