Шиелі ауданында өткен кең ауқымды сенбілік – тазалық пен бірліктің жарқын көрінісі
Қазақстан Республикасы Экология министрлігінің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шиелі ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл игі шара аудан тұрғындарын бір мақсатқа жұмылдырып, туған өлкенің табиғатын аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға үндеді.
Ауқымды сенбілікке аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы да белсене қатысып, бірқатар нысандарды аралап көрді. Ол тазалыққа үлес қосып жатқан тұрғындарға алғысын білдіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаға жанашырлық танытудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Сенбілік барысында аудан орталығындағы басты көшелер мен саябақтар, арық-атыздар тазартылып, арам шөптер шабылды. Жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы техникалар көмегімен шығырылып, экологиялық талаптарға сай орындарға жеткізілді. Бұл жұмыстарға жергілікті коммуналдық қызмет мамандарымен қатар, ерікті тұрғындар, жастар және түрлі мекеме қызметкерлері белсене атсалысты.
Ең қуаныштысы – тек аудан орталығы ғана емес, барлық ауылдық округтер де сенбілікке жаппай қатысып, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін нақты іспен көрсетті. Ауыл тұрғындары өз елді мекендерінің көшелерін, қоғамдық орындарын, су арналары мен арық-атыздарын тазалап, айналаны абаттандыруға бар күштерін салды.
Шара барысында мектеп оқушылары мен жастар ұйымдары да шет қалмады. Олар өздеріне тиесілі аумақтарды тазалап қана қоймай, экологиялық тәрбие бағытында ақпараттық парақшалар таратып, табиғатты аялау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл – жас ұрпақтың бойында экологиялық мәдениеттің қалыптасуына сеп болатын маңызды қадам.
Айта кетерлік жайт, мұндай сенбіліктер тек тазалық орнату мақсатында емес, тұрғындар арасында ұйымшылдық пен бірлікті нығайтатын, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыратын маңызды қоғамдық іс-шара ретінде де маңызға ие.
Тазалық – тек физикалық кеңістікті жинастыру ғана емес, ол – жан дүниенің, рухани мәдениеттің көрінісі. Шиелі ауданындағы бұл сенбілік соның айқын дәлелі болды. Алдағы уақытта мұндай игі бастамалар жалғасын тауып, туған өлкемізді көркейтуге әр азамат өз үлесін қоса беретініне сенім мол.







