ПРЕЗИДЕНТ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІНІҢ «ХРОНИКАДАН – БОЛАШАҚҚА» КИНОЛЕКТОРИЙІ ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАЛҒАСТЫ

1 507

ПРЕЗИДЕНТ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІНІҢ «ХРОНИКАДАН – БОЛАШАҚҚА» КИНОЛЕКТОРИЙІ ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАЛҒАСТЫ

Үстіміздегі жылдың 23–24 мамыр күндері Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған республикалық кино апталығы аясында «Арал» және «Серт» деректі фильмдерінің көрсетілімі өтті. Бұл мәдени-ағартушылық шара өңір жұртшылығының кең қызығушылығын тудырып, тарихи жады мен заманауи деректі киноның сабақтастығын көрсетуге бағытталды.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, Президент Телерадиокешені директорының орынбасары Тілеген Әбішев, «Арал» деректі фильмінің басты кейіпкері Күнтуған Тұрғанбаев, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мәдениет саласының мамандары және жастар қатысты. Қатысушылар деректі фильмдердің мазмұны мен идеялық бағытына жоғары баға беріп, олардың қоғамдық сана қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталды.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет Президент Телерадиокешенінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, отандық деректі кино саласының дамуына қосқан үлесін атап өтті. Ол өз сөзінде кинорежиссерлердің Арал тақырыбын терең зерттеп, тарихи шындықты көркем әрі деректі формада жеткізуге күш салғанын ерекше атап өтті.

«Күнтуған атаның тарихы – бір адамның тағдыры емес, тұтас бір аймақтың, тіпті ұлттың тағдыры. Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысында Мемлекет басшысы Арал теңізінің проблемалық мәселелеріне ерекше назар аударды. Бүгінде атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде Арал теңізінің шамамен 36 пайызы қалпына келтірілді. Бұл тек экологиялық көрсеткіш қана емес, бұл – елдің ортақ жауапкершілігінің, мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі», – деді ол.

Сонымен қатар ол деректі фильмнің тәрбиелік мәніне тоқталып, мұндай жобалардың жастардың экологиялық сана-сезімін қалыптастыруда, тарихи жадыны жаңғыртуда және отансүйгіштік сезімді күшейтуде маңызы зор екенін атап өтті.

«Арал» деректі фильмінің басты кейіпкері – өмір бойы теңіз жағасында өмір сүріп, балық аулаумен айналысқан қарт балықшы Күнтуған Тұрғанбаев. Оның тағдыры арқылы фильм авторлары Арал теңізінің тарихи келбетін, адам мен табиғат арасындағы тығыз байланысты, сондай-ақ соңғы онжылдықтардағы экологиялық өзгерістерді шынайы бейнелей алған.

Күнтуған Тұрғанбаев түсірілім процесінің өзіне ерекше әсер қалдырғанын айтып, бұл тәжірибені өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағалады. Оның айтуынша, түсірілім тобы бірнеше күн бойы өңірде болып, бұрын өзі балық аулаған жерлерді бірге аралап шыққан.

«Мен түсірілім тобының жұмысымен бір аптадай бірге болдым. Ертеректе балық аулаған таныс жерлерімді қайта көру – ерекше әсер сыйлады. Теңіздің тартылуы 1960 жылдардан басталғанын білеміз. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында Аралды қалпына келтіру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқаны қуантады», – деді ол.

Көрсетілім барысында қатысушылар деректі фильмнің эмоционалдық әсері мен тарихи мазмұнына ерекше тоқталып, режиссура мен операторлық жұмыстың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Көпшілік фильмнің шынайылығы мен деректілігі көрерменге терең әсер еткенін жеткізді.

Келесі күні көрермен назарына елімізде 2024 жылдың көктемінде орын алған жойқын су тасқыны салдарын бейнелейтін «Серт» деректі фильмі ұсынылды. Бұл туынды табиғи апаттың ауқымын ғана емес, мемлекет пен қоғамның бірігіп әрекет ету арқылы қиындықты еңсеру жолын көрсетеді.

Фильмде Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен апат салдарын жедел жою, зардап шеккен аймақтарда жаңа тұрғын үйлер салу, инфрақұрылымды қалпына келтіру және тұрғындарды қауіпсіз жерлерге көшіру жұмыстары кеңінен қамтылған. Сонымен қатар құтқарушылардың, еріктілердің және жергілікті билік өкілдерінің бірлескен еңбегі нақты оқиғалар арқылы көрсетіледі.

Көрсетілімнен кейін көрермендер фильмдер жайлы өз ойларын ортаға салып, деректі киноның қазіргі қоғам үшін маңызы зор екенін айтты. Олар әсіресе тарихи шындықтың бұрмаланбай берілуі, операторлық шешімдердің әсерлілігі және баяндаудың шынайылығы жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Айта кету қажет, Президент Телерадиокешенінің «Хроникадан – болашаққа» атты кинолекторий сериясы 21 мамыр күні Астана қаласында салтанатты түрде бастау алған болатын. Қызылорда қаласындағы көрсетілім осы жобаның алғашқы өңірлік кезеңдерінің бірі болып табылады.

Жоба аясындағы көрсетілімдер еліміздің бірқатар қалаларында жалғасады. Атап айтқанда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Бұл бастама деректі киноны кең аудиторияға танытуға және тарихи-танымдық мазмұнды насихаттауға бағытталған.

Барлық фильмдер Президент Телерадиокешенінің ішкі өндірістік құрылымына кіретін деректі фильмдер орталығында түсірілген. Жобаның сценарий авторы – Нұрлан Қабдай, ал режиссерлері – Зухраб Отаров пен Дәулет Әуелбеков. Олардың еңбегі деректі кино жанрын дамытуға және отандық медиакеңістікте сапалы контент қалыптастыруға зор үлес қосып отыр.

Жалпы алғанда, Қызылордадағы көрсетілім тарихи-танымдық және әлеуметтік маңызы жоғары мәдени оқиға ретінде бағаланды. Бұл жоба деректі кино арқылы қоғамның тарихи санасын жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және болашақ ұрпаққа шынайы ақпарат жеткізуге бағытталған маңызды бастама болып отыр.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі