ЖАЛАҒАШТА АУДАН ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫН АРТТЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
ЖАЛАҒАШТА АУДАН ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫН АРТТЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Бүгін Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов жұмыс сапары барысында аудан аумағында жаңадан бой көтеріп жатқан теміржол вокзалының құрылыс алаңына арнайы барып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен жан-жақты танысты. Аралау кезінде мердігер мекеме өкілдері құрылыс жұмыстарының қазіргі жағдайы, алдағы жоспарлар мен мерзімдер жөнінде толық мәлімет берді.
Аталған жоба облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Қазақстан Темір Жолы» АҚ арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, инженерлік инфрақұрылым желілерін тарту, сондай-ақ вокзал маңындағы аумақты абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Құрылысшылар белгіленген кестеден кешікпеуге күш
салып, сапалы жұмыс жүргізуге баса назар аударуда.
Жаңа вокзал ғимараты заманауи талаптарға толық сәйкес болмақ. Жобада жолаушыларға барынша қолайлы жағдай жасау көзделген. Атап айтқанда, кең әрі жайлы күту залы, билет сататын кассалар, ана мен бала бөлмесі, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жабдықталған орындар қарастырылған. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындары мен қонақтарының сапар сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Нысанды аралау барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, мердігер мекеме
өкілдеріне барлық жұмыстарды белгіленген талаптарға сай әрі уақытылы аяқтауды қатаң тапсырды. Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ, аудан әкімі вокзал маңындағы аумақты көркейту жұмыстарына айрықша тоқталды. Атап айтқанда, көгалдандыру, жарықтандыру, санитарлық тазалықты сақтау, жол және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын ретке келтіру
мәселелері кешенді түрде жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Бұл жұмыстардың барлығы жүйелі түрде жүргізіліп, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру басты назарда болуы керектігін жеткізді.
Жалпы, жаңа теміржол вокзалының құрылысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беріп, көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды нысандардың бірі болмақ.
Фото: Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі







