ҮЙІ ӨРТЕНГЕН ТҰРҒЫНҒА КӨМЕК ОРНЫНА АЙЫППҰЛ САЛҒАН

2 569

Фото: видеодан скриншот Қызылорда облысында адам шошырлық жағдай орын алды. Қыстың қақаған аязында жарықтың өшу салдарынан тұрғын үйде өрт шығып, отбасы бір сәтте баспанасыз қалған, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

 Ең сорақысы, төтенше жағдайға тап болған тұрғынға көмек көрсетудің орнына айыппұл салынғаны айтылып отыр. Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінің тұрғыны Нұргүл Өсерова жергілікті биліктің әрекетсіздігін айтып, қиын жағдайда қалған отбасына ешқандай қолдау болмағанын жеткізді.

 Бұл туралы облыс әкіміне жазған хатында мәлімдеген. Тұрғынның айтуынша, 2026 жылдың 26 ақпанында Сырдария ауданында жарық толықтай өшіп қалған. Қыстың үскірік суығында үйдегі жылу жүйесі қатып қалмас үшін ол, бұрын бірнеше жыл жағылмаған пешті жағуға мәжбүр болған. Алайда күтпеген жерден пештің мұржасынан өрт шығып, кешкі сағат 18:07 шамасында үйді жалын шарпыған. Соның салдарынан баспана қатты зақымданып, үй ішіндегі газ пеші мен электр жүйелері толық істен шыққан. Өрт сөндірушілер келіп жалынды сөндіргенімен, одан кейін болған оқиға жаға ұстатарлық.

 Құтқарушылардың бірі оқиға орнында хаттама толтырып, 21 665 теңге айыппұл салды. Өрттен зардап шеккен адамның жағдайын түсінудің орнына айыппұл салғаны маған ауыр тиді, - дейді ол.

 Төтенше жағдай орын алған күннің ертесіне, ол аудан әкіміне барып көмек сұрағысы келген. Бірақ әкім орнында болмаған. Оның орынбасары Роллан мырзаға жолғып мән жайды жеткізген. 

Анамның жалғыз тұратынын, қазір ауруханада жатқанын айттым. Өзім де жалғызбасты анамын, студент қызыммен қалада пәтерде тұрамын. Зақым келген үйді жартылай болса да қалпына келтіруге қаржылай көмек сұрадым, - деді зардап шегуші.

 Тұрғынның айтуынша, әкімдік тарапынан нақты көмек көрсетілмеген. Қаржылай көмек бере алмайтынын алға тартып шығарып салған. Тіпті паналайтын жерің бар ма деп те сұрамаған. Ауруханада жатқан мүгедек анасын 6-наурыз күні шығарып алуы керек болған. Бірақ апаратын үй дайын болмағандықтан дәрігерлерден тағы біраз уақыт жатқызуды сұрауға тура келген. Олар жағдайды түсініп, бетін қайтармаған. 

 Әкімдік тарапынан нақты қолдау болмаған соң, тұрғынға ең алдымен көршілері мен ауыл тұрғындары көмекке келген. Қолдарынан келгенін аямаған олар азын-аулақ қаражат жинап, қарызға құрылыс материалдарын әкеліп, үйді жамап-жасқап қалпына келтіру жұмыстарына кіріскен. Дегенмен, өз күнін әрең көріп отырған қарапайым халықтың көмегі мұндай үлкен шығынды толық өтеуге жеткіліксіз екені анық. Қиын жағдайда қалған отбасыға демеу болуға тырысқанымен, ауыл тұрғындарының да мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан мұндай жағдайда негізгі қолдау жауапты мекемелер тарапынан болуы керек деген пікірлер айтылуда.

 Нұргүл Өсерова бұл жағдайды аудандық деңгейдегі төтенше жағдайға дайындықтың әлсіздігімен байланыстырады. Оның пікірінше, төтенше жағдай кезінде халыққа жедел көмек көрсету жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Сонымен қатар, ол аудан тұрғындарын мазалап отырған тағы бір мәселеге тоқталған. Айтуынша, ауданда Қазақтелеком қолданушылардың жартысына жуығында интернет жоқ. Тек қана әкімдік, банк, салық секілді мекемелерде ғана бар, ал қарапайым халықта жоқ. Ұялы интернет те дұрыс тартпайды дейді. 

 Осы жағдайларды алға тартқан тұрғын облыс басшылығынан көмек сұрап, үйін қалпына келтіруге қолдау көрсетуді өтінген. Оның айтуынша, қиын жағдайда халыққа демеу болатын жүйе, жүйелі жұмыс істеуі тиіс. «Сонда біз салықты не үшін төлейміз? Депутаттарды не үшін сайлаймыз?» деген сауалдарын ол ашық қойды. Бұл жағдай жергілікті билік пен жауапты мекемелердің жұмысына қатысты қоғамда көптеген сұрақ туғызуда. Енді тұрғындар бұл мәселеге құзырлы органдар назар аударып, нақты шешім қабылданады деген үмітте.