Қазалы ауданындағы Шитүбек елді мекені таза ауыз сумен қамтылды

1 527

Фото: Қазалы аудан әкімдігіҚазалы ауданындағы Қарашеңгел ауылдық округіне қарасты Шитүбек елді мекені ұзақ жылдар бойы күткен таза ауыз су желісіне қосылды. Елді мекен тұрғындарын қуанышымен құттықтау мақсатында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы барып, шараға қатысушылармен кездесті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Аудан басшысы сөзінде Мемлекет басшысының 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, биыл аудан аумағындағы барлық елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылатынын атап өтті. Алмасбек Есмаханов бұл бағыттағы жұмыстарды мемлекеттік қолдау аясында іске асырылып жатқан 14 әлеуметтік жоба аясында жүзеге асып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Қазалы ауданы бойынша бір медициналық және төрт ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік нысандар құрылысы басталған болатын.

Аудан басшысының айтуынша, аталған жоба аясында Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауыз су желісіне қосуға республикалық, облыстық бюджеттен және мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен барлығы 1,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, бүгін Шитүбек тұрғындары ұзақ күткен таза ауыз суға қол жеткізді.

– Елдің дамуы – ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады. Ауылдың дамуы мен келешегінің зор болуы – сіздердің еңбекқорлықтарыңыз бен ауызбіршіліктеріңізге тікелей байланысты, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

 Сонымен қатар, ол ауыз су желісін салуда ат салысқан мердігер мекеме «Ансар-Сервис» ЖШС құрылысшыларына және игі іске үлес қосқан барлық азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.

Ауыз су желісіне қосу рәсімінде аудан прокуроры Дарын Әбіш көптен күткен игіліктің іске асуымен тұрғындарды құттықтап, ауыл ақсақалы Дәуіт Сайын ауыл тұрғындарына батасын берді. Сонымен қатар, ауданның дамуына үлес қосқан азаматтар мен сапалы әрі мерзімінде ауыз су тарту жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме қызметкерлері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Шитүбек елді мекенін ауыз сумен қамту рәсімінен кейін аудан әкімі тұрғындармен кездесу өткізіп, әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары мен алдағы уақытта жүзеге асатын жобалар жайлы ақпарат берді. Кездесу барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, халықпен кері байланыс орнатылды.

Аталған шара Қазалы ауданының тұрғындары үшін ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымның дамуына елеулі серпін беретін маңызды оқиға болып отыр. Елді мекеннің таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартып, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.