Қызылордада коронавирус жұқтырудың антирекордтық көрсеткіші тіркелді

229
Өңірде өткен жылдан бері бүгінгі күнге дейін 7977 адам коронавирус жұқтырды. Кейінгі уақытта облыстағы эпидахуал күннен күнге күрделеніп барады. Өткен тәулікте 110 адам қатері індет құрығына ілікті. Бұл - жыл басынан бергі антирекордтық көрсеткіш. «Айта кетерлігі, апта ішінде 492 қатерлі індетке шалдықты. Бұл алдыңғы жеті күнмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Облыста «Дельта» штамының таралу жылдамдығы ойландырады. Қазір өңір еліміздің эпидахуалды бағалау матрицасында «қызыл» аймақта тұр. Эпидемиологиялық талдау вирустың жастар арасында көбірек болып жатқанын көрсетті . Айта кетерлігі, кейінгі айларда қатерлі індетке шалдыққан азаматтар арасында 30-40 жас аралығында науқастардың саны басым. Іш ауырып, тәбеттің төмендеуі, құсу және жүректің айнуы - үнді штамының белгілері. Сондықтан алғашқы симптомы байқалған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну керек», - деді Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова. Оның айтуынша, бұған дейін айналымдағы штамдар көп жағдайда симптомсыз түрде өтіп келген болса, үнді мутациясының ерекшелігі ауыр клиникалық белгілерде байқалуда. Соңғы тіркелген 110 жағдайдың 75% ауру белгілерімен тіркелген. Індетке шалдығу деректерінің басым жағдайы коронавирус инфекциясына қарсы екпе алмаған адамдар арасынан анықталуда. «Әлем ғалымдары бұл вирустың әрі қарай мутациялануына жолбермей, эпидахуалды тұрақтандырудың тиімді тәсілі ретінде вакциналауды ұсынады. Халқының басым бөлігі иммундалған бірқатар шетелдерде жақсы нәтижелерге қол жетуде. Мамыр айында облыста аурушаңдық көрсеткіші біршама төмендеген кезде халықта үрей басылып, босаңсып кеткені бар. Салдары бүгінгідей коронавирустың қайта күшіне мінуіне әкеп соқтырды.Облыстағы эпидахуалды тұрақтандыру мақсатында №18 Қаулымен бірқатар шектеу шаралары қабылданған болатын», - деді департамент басшысы. Еске салсақ, Қызылорда облысында Құрбан айтқа байланысты жаңа қаулы қабылданды.