ҚАЛАЛЫҚ САЯБАҚ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДЕ

1 506

ҚАЛАЛЫҚ САЯБАҚ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДЕ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы мәдениет және демалыс саябағына арнайы барып, жазғы демалыс маусымында тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Әсіресе жазғы кезеңде саябаққа келушілер санының артуына байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аттракциондардың техникалық жай-күйін бақылау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аймақ басшысы саябақ аумағын толық аралап шығып, нысанның қазіргі жағдайымен, көрсетіліп жатқан қызмет сапасымен және келушілер үшін жасалған жағдайлармен танысты. Сондай-ақ жауапты сала басшылары мен мекеме қызметкерлерімен кездесіп, саябақтың тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне қатысты бірқатар тапсырма берді.

Еске салсақ, Қызылорда қаласының мәдениет және демалыс саябағы өткен жылы ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін пайдалануға берілген болатын. Жалпы құны 6,3 миллиард теңгені құраған жоба аясында нысан толықтай жаңартылып, заманауи талаптарға сай қайта жасақталды. Құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстарын «Bi Global» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Жалпы аумағы 6 гектарды құрайтын саябақ бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Мұнда балалар мен ересектерге арналған 21 аттракцион орнатылып, тұрақты қызмет көрсетуде. Сонымен қатар саябақ аумағында серуендеуге арналған кең жолақтар, демалыс аймақтары, көгалдандырылған аумақтар, заманауи жарықтандыру жүйелері және түрлі ойын алаңдары орналасқан.

Қайта жаңғырту барысында нысанның инфрақұрылымы толық жаңартылып, халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін жабдықтар орнатылды. Аттракциондар заманауи технологиялармен жабдықталып, олардың жұмыс істеу қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді.

Саябаққа келушілер саны күн сайын артып келеді. Әсіресе мектеп оқушыларының жазғы демалысы басталған кезеңде нысанға келетін тұрғындар легі айтарлықтай көбейген. Осыған байланысты облыс әкімі балалардың қауіпсіздігі мәселесін бірінші кезекке қою қажеттігін атап өтті.

Аттракциондарды аралау барысында аймақ басшысы олардың техникалық жай-күйімен танысып, жабдықтардың пайдалану мерзімі мен техникалық қызмет көрсету жұмыстары туралы ақпарат алды. Жауапты мамандар аттракциондардың белгіленген кестеге сәйкес тұрақты тексерістен өтетінін және барлық техникалық талаптардың сақталатынын жеткізді.

Мұрат Ергешбаев жауапты сала басшыларына келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылауды күшейтуді тапсырды.

– Ең бастысы – балаларымыздың қауіпсіздігін басты назарда ұстаңыздар. Барлық санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Саябақ аумағы әрдайым таза әрі күтімді болуы қажет. Әрбір аттракционның жанында техника қауіпсіздігіне жауап беретін арнайы нұсқаушы мамандар болуы керек. Олар келушілерге қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жұмыс барысын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Сонымен қатар тұрғындар арасында да түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Бұл түрлі қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жазғы демалыс кезеңінде саябақта құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар күшейтілуі қажет. Осыған байланысты жауапты органдарға құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жүргізу тапсырылды.

Сонымен қатар бейнебақылау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі, жарықтандыру құрылғыларының жарамды күйде болуы және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету жүйелерінің дайындығы назарға алынды.

Саябақтың санитарлық жағдайы да тексерілді. Бүгінде аумақта күнделікті тазалық жұмыстары жүргізіліп, көгалдандыру және абаттандыру шаралары тұрақты атқарылуда. Жазғы мезгілде гүлзарлар мен жасыл желектерді күтіп-баптауға ерекше көңіл бөлінуде.

Жауапты мекеме қызметкерлерінің айтуынша, саябақ аумағында күн сайын санитарлық тазалау жұмыстары ұйымдастырылады. Қоқыс жәшіктері уақытылы босатылып, жаяу жүргіншілер жолдары мен демалыс орындары тұрақты түрде тазартылып отырады.

Бұдан бөлек, соңғы жылдары Қызылорда қаласында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған қоғамдық кеңістіктерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қалада жаңа демалыс орындары ашылып, бұрынғы саябақтар мен скверлер жаңғыртылуда. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және қаланың сәулеттік келбетін жақсарту.

Мәдениет және демалыс саябағы осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі саналады. Қазіргі таңда мұнда тек аттракциондар ғана емес, түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, концерттер, мерекелік бағдарламалар мен отбасылық демалыс шаралары ұйымдастырылып келеді.

Саябақтың заманауи келбеті қала тұрғындарының оң бағасына ие болды. Әсіресе балаларға арналған ойын және демалыс аймақтарының көбеюі, қауіпсіз әрі жайлы ортаның қалыптасуы тұрғындардың сұранысына сай жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесі болып отыр.

Жалпы, облыс орталығында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Оның ішінде қоғамдық кеңістіктерді дамыту, жасыл аймақтарды көбейту, балалар мен жастарға арналған нысандар салу бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда.

Сапар қорытындысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына саябақтың техникалық және санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды, аттракциондарды уақытылы тексеруден өткізуді, қауіпсіздік талаптарының толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ келушілер үшін қолайлы жағдай жасау, қызмет көрсету сапасын арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және саябақтың абаттандыру жұмыстарын одан әрі жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Бүгінде жаңғыртудан өткен қалалық мәдениет және демалыс саябағы мыңдаған қызылордалықтардың сүйікті демалыс орнына айналып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Балалардың шат күлкісі мен тұрғындардың көтеріңкі көңіл-күйі саябақтың басты жетістігі болып саналады. Сондықтан нысанның қауіпсіз әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету алдағы уақытта да басты назарда болады.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі