ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА НОРМАТИВТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ БАЗАНЫ ЖЕТІЛДІРУ – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ АТТЫ ШАРА ӨТТІ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА НОРМАТИВТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ БАЗАНЫ ЖЕТІЛДІРУ – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ АТТЫ ШАРА ӨТТІ
Қызылорда облыстық білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Нормативтік-құқықтық актілер: теориядан тәжірибеге» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды. Білім беру саласындағы заңнамалық құжаттарды тиімді қолдану мен тәжірибеге енгізуді көздеген маңызды шараға өңірдегі 28 колледж директорларының орынбасарлары қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру, сондай-ақ оларды білім беру ұйымдарының күнделікті жұмысында дұрыс әрі тиімді қолдану жолдарын талқылау болды. Бұл өз кезегінде білім сапасын арттыруға, басқару үдерістерін жетілдіруге және оқу орындарының қызметін біріздендіруге мүмкіндік
береді.
Жиынды ашқан М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Ж. Тоғанова қазіргі таңда білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталып, нормативтік-құқықтық базаның өзектілігі мен маңызын атап өтті. Оның айтуынша, заңнаманы жетік меңгеру – білім беру ұйымдарының тиімді жұмыс істеуінің негізгі алғышарттарының бірі.
Семинар барысында колледж директорларының орынбасарлары техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларға жан-жақты тоқталып, нақты мысалдар арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, білім беру үдерісін ұйымдастыру, кадрлық саясат, оқу-әдістемелік жұмыстарды жоспарлау және бақылау мәселелері кеңінен қамтылды.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ә. Ізімбетов өз сөзінде алдағы кезеңге қойылған міндеттерге тоқталып, білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың басымдықтарын айқындап берді. Ол білім беру ұйымдарының қызметінде заң талаптарын сақтау, құжаттаманы дұрыс жүргізу және басқарушылық шешімдерді нормативтік негізде қабылдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Шара барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, туындаған өзекті мәселелерді талқылады. Ашық диалог алаңында ұсыныстар айтылып, практикалық тұрғыда кездесетін қиындықтарды шешу жолдары қарастырылды. Мұндай форматтағы кездесулер білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Қорытындылай келе, семинар кәсіби біліктілікті арттыруға, нормативтік-құқықтық құжаттарды тиімді қолдану мәдениетін қалыптастыруға және білім беру жүйесіндегі өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдегі білім сапасын арттыруға өз үлесін қоса береді деп күтілуде.
@Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі







