АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЖЕРГІЛІКТІ «ҚАЙСАР» ФУТБОЛ КЛУБЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

1 509

АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЖЕРГІЛІКТІ «ҚАЙСАР» ФУТБОЛ КЛУБЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Қайсар-Арена» стадионында Қазақстан Премьер-лигасы аясында қостанайлық «Тобыл» мен жергілікті «Қайсар» футбол клубтары арасында тартысты кездесу өтті. Маңызды матчты облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов және облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов арнайы барып тамашалады.

Ойын алдында аймақ басшысы «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен және жаттықтырушылар құрамымен кездесіп, команданың алдағы ойындарына сәттілік тіледі. Кездесу барысында өңір спортының дамуы, жастар арасында футболды кеңінен насихаттау және клубтың алдағы жоспарлары жөнінде әңгіме өрбіді.

Мұрат Ергешбаев өз сөзінде «Қайсар» футбол клубының Сыр өңірі үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– «Қайсар» – тек футбол клубы ғана емес, бұл – аймақтың рухы мен намысын білдіретін команда. Сіздердің әр ойындағы жігерлі өнерлеріңіз мыңдаған жанкүйерге қуаныш сыйлайды. Өңір халқы әрдайым сіздерге сенім артады. Сондықтан алдағы ойындарда да табандылық танытып, биік белестерді бағындырады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында футболшылар аймақ басшысына қолдау көрсетіп жүргені үшін алғыс айтып, клуб атынан арнайы естелік сый-сияпат табыстады. Бұл – жергілікті спортшылар мен жанкүйерлердің облыс басшылығына деген ризашылығының белгісі болды.

Матч өте тартысты әрі жоғары қарқында өтті. Ойын барысында екі команда да шабуылға басымдық беріп, жанкүйерлерге әсерлі футбол сыйлады. Нәтижесінде жергілікті «Қайсар» футбол клубы қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, Қазақстан Премьер-лигасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Стадионға жиналған жанкүйерлер тарихи жеңісті зор қуанышпен қарсы алып, ойын соңында футболшыларға ерекше қолдау көрсетті.

Бұл жеңіс тек клуб үшін ғана емес, бүкіл Сыр жұртшылығы үшін маңызды оқиға болды. Соңғы жылдары жаңаша даму кезеңіне қадам басқан «Қайсар» клубының әлеуеті артып, инфрақұрылымы жаңарып келеді. Команданың кәсіби деңгейін көтеру, жастар футболын дамыту және материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, былтыр жылдың соңында «Қайсар» футбол клубы жеке басқаруға берілген болатын. Клубтың жаңа иесі – белгілі кәсіпкер Исламғали Қозбақов. Бұл шешім клубтың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, футбол инфрақұрылымын жаңғыртуға тың серпін берді.

Қазіргі таңда инвестордың демеушілігімен Қызылорда қаласында 20 миллиард теңге көлемінде «Қайсар» балалар футбол академиясының құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында халықаралық талаптарға сай 6 футбол алаңы, жабық манеж, заманауи медициналық орталық, жаттығу базасы және жас спортшыларға арналған инфрақұрылым қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, жаңа академия аймақтағы талантты жас футболшыларды даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына тың серпін беріп, кәсіби футболшыларды тәрбиелеудің маңызды орталығына айналмақ.

Жобаны 2027 жылдың соңына дейін толық пайдалануға беру жоспарланған. Бұл бастама өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына ғана емес, республикалық деңгейдегі спорттық әлеуеттің артуына да ықпал етеді.

Облыс әкімі спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше тоқталып, соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтты.

– Спорт – дені сау ұлт қалыптастырудың негізгі кепілі. Сондықтан өңірде бұқаралық спортты дамыту, жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Қазіргі таңда ауыл-аймақтарда жаңа спорт кешендері салынып, тұрғындардың спортпен шұғылдануына барлық мүмкіндік жасалуда, – деді Мұрат Ергешбаев.

Айта кету керек, Қызылорда облысында 2022 жылдан бері 24 заманауи спорт кешені пайдалануға берілген. Бұл нысандар ауыл тұрғындары мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Биыл өңірдегі елді мекендерде тағы 3 жаңа спорт нысанын іске қосу жоспарланған. Аталған кешендерде футбол, волейбол, баскетбол, күрес, бокс және өзге де спорт түрлерімен айналысуға толық жағдай жасалады.

Соңғы жылдары облыста футболға деген қызығушылық айтарлықтай артқан. Балалар мен жасөспірімдер арасында футбол секциялары көбейіп, спорт мектептерінде жаттығатын жастар саны артуда. Бұл – өңірде спорт саласына көрсетіліп жатқан қолдаудың нақты нәтижесі.

«Қайсар» футбол клубының бүгінгі жеңісі де жастарға үлкен мотивация сыйлап, болашақ спортшылардың жігерін арттыра түсті. Жанкүйерлердің айтуынша, команда ойын сайын шеберлігін шыңдап, сенімді ойын өрнегін көрсетіп келеді.

Матч соңында облыс әкімі команда мүшелерін тарихи жеңіспен құттықтап, алдағы ойындарда да табыс тіледі. Сонымен қатар жанкүйерлерге ризашылығын білдіріп, спортшыларды қолдау мәдениеті өңір спортының дамуына оң әсер ететінін атап өтті.

Бүгінгі жеңіс – «Қайсар» клубының жаңа кезеңге қадам басқанын аңғартатын маңызды нәтиже. Аймақта спорт саласына көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау алдағы уақытта да жалғасып, Сыр спортының жаңа жетістіктерге жетуіне негіз болмақ.