Қызылордалық оқушылар Бейжіңде топ жарды
Қызылорда қаласындағы №290 Келешек мектебінің OtAI командасы Қытайдың Бейжің қаласында өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship 2026 халықаралық чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, Coding Award номинациясының жеңімпазы атанды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
13–16 тамыз күндері ұйымдастырылған халықаралық додаға әлемнің 25 елінен 350-ден астам команда қатысып, робототехника, инженерия, бағдарламалау және командалық жұмыс бағыттары бойынша өзара бақ сынады. Осындай ауқымды бәсекеде қазақстандық оқушылардың арасынан суырылып шығып, арнайы номинацияда жеңіске жетуі – өңір үшін елеулі жетістік.
Айта кетейік, бұл – Қызылорда облысы оқушыларының аталған чемпионаттағы екінші жыл қатарынан қол жеткізген нәтижесі. Бұған дейін, 2025 жылы Макао қаласында өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship жарысында OtAI командасы Challenge Solution Award арнайы жүлдесіне ие болған.
OtAI командасының қатарынан екі жыл халықаралық аренада жүлде алуы – оқушылардың робототехника мен бағдарламалауға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл жетістік өңірде STEM білімін дамытуға, жасөспірімдердің инженерлік ойлау қабілеті мен цифрлық құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі деуге болады.
Бейжіңдегі жеңіс – тек бір команданың жетістігі емес, бұл – Қызылордалық оқушылардың халықаралық деңгейдегі білім додаларында бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелі.
Қаз
Рус






