ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

1 510

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысы өтті. Маңызды ғылыми-талдамалық жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға арналды.

Көшпелі отырыстың негізгі мақсаты – экономиканы шикізаттық модельден терең өңдеуге негізделген инновациялық даму жолына көшіру, су ресурстарын тиімді басқару, цифрлық технологияларды енгізу және өңірлік ғылымның әлеуетін арттыру мәселелерін талқылау болды. Сонымен қатар, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту, жаңа технологияларды енгізу және өңірлік инновациялық экожүйені дамыту бағыттары қарастырылды.

Жиынға Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, онлайн режимде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, академия президиумының мүшелері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері және бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.

Жиын барысында «DeepBas» жобасының таныстырылымы өтті. Бұл жоба су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған ғылыми-технологиялық шешімдерді қамтиды.

Сонымен қатар, отырыста агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, экологиялық тұрақтылықты сақтау, қайта өңдеу саласын ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету және тау-кен өнеркәсібінде минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу мәселелері кеңінен талқыланды. Ғалымдар мен сала мамандары нақты ұсыныстарын ортаға салып, өңірдің даму әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар бастамалар көтерді.

Отырыс барысында сөз алған Данияр Жаналинов ғылымның ел дамуы үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

– Мемлекет басшысы ғылымды ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде айқындап, ғылыми әлеуетті арттыруды стратегиялық басымдық ретінде белгілеген болатын. Осы бағытта Қызылорда облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2026–2030 жылдарға арналған өңірдің даму жоспарында жалпы өңірлік өнімдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының үлесі арнайы көрсеткіш ретінде енгізілді. Облыс әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, нақты іс-шаралар жоспары бекітілді, – деді ол.

Оның айтуынша, соңғы жылдары өңірде ғылымды дамытуға бағытталған қаржыландыру көлемі айтарлықтай артқан.

– Соңғы үш жылда ғылымды дамытуға 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Өткен жылы ғана 1 млрд 300 млн теңге бағытталып, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда бес есеге артты. Қазіргі таңда 400-ден астам маман кәсіпорындарда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысуда, – деді Данияр Жаналинов.

Сондай-ақ, ол өңірдегі жетекші ғылыми мекемелердің жұмысына тоқталды.

– Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бүгінде 7 ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Бұл жобалар су үнемдеу технологияларын енгізу, күріш шаруашылығын жетілдіру және ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға бағытталған, – деп атап өтті.

Жиында ғылыми қауым өкілдері де сөз сөйлеп, өңірлік ғылымды дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты күшейту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Университет басшылары кадр даярлау жүйесін жетілдіру, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру және стартап жобаларды қолдау қажеттігін айтты.

Көшпелі отырыс аясында су ресурстарын басқару, экология, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту бағыттары бойынша бірлескен қарар қабылданды. Бұл құжат өңірдегі ғылыми-инновациялық жұмыстың негізгі бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат болмақ.

Сонымен қатар, ғылыми қауым мен бизнес өкілдері арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында арнайы бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Бұл жоспар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, жаңа технологияларды енгізуге жол ашады.

Көшпелі отырыс аясында бірқатар қосымша іс-шаралар да ұйымдастырылды. Кеше өткен форсайт-сессия барысында академия мамандары жергілікті кәсіпорын өкілдеріне өндірістегі технологиялық олқылықтарды анықтау және оларды шешу жолдары бойынша тәжірибелік оқыту жүргізді.

Сессияда кәсіпорындардың өндірістік процестерін талдау, энергия тиімділігін арттыру, цифрлық мониторинг жүйелерін енгізу және ресурстарды оңтайлы пайдалану бойынша нақты әдістемелер ұсынылды. Бұл өз кезегінде өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Ал бүгін ғылыми әзірлемелер көрмесі ұйымдастырылып, онда өңірде енгізуге дайын инновациялық жобалар таныстырылды. Көрмеге агроөнеркәсіп, су шаруашылығы, құрылыс материалдары өндірісі, экология және цифрлық технологиялар саласындағы жаңа ғылыми шешімдер қойылды.

Келушілер отандық ғалымдардың әзірлемелерімен танысып, олардың өндірісте қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Көптеген жобалар ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға, су ресурстарын үнемдеуге және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған.

Ғалымдар мен кәсіпкерлер арасындағы пікір алмасу барысында бірқатар жобаларды пилоттық режимде енгізу туралы келісімдер жасалды. Бұл ғылыми зерттеулердің нақты өндірістік нәтижеге айналуына мүмкіндік береді.

Жалпы, Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысы Қызылорда өңіріндегі ғылым мен өндіріс интеграциясын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды алаң болды. Жиын барысында көтерілген бастамалар мен ұсыныстар алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретіні атап өтілді.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі