Қызылордада қоян-қолтық ұрыстан ҚР ІІМ чемпионатына іріктеу турнирі өтті

2 506

«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Қызылорда облысы Полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионатына жолдама беретін қоян-қолтық ұрыстан департамент қызметкерлері арасындағы іріктеу турнирі ұйымдастырылды. 

Дәстүрлі түрде өткізілетін бұл жарыстың басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің жауынгерлік және дене даярлығын жетілдіру, кәсіби шеберлігін арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттап, спорт арқылы қызметкерлердің ұйымшылдығы мен бірлігін нығайту. Жарысқа Қызылорда облысы Полиция департаментінің құрылымдық бөлімшелері мен барлық аумақтық полиция бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Әрбір қатысушы республикалық деңгейдегі додаға жолдама алу үшін жоғары дайындықпен келіп, өздерінің физикалық мүмкіндігі мен техникалық шеберлігін көрсетуге бар күшін салды. Турнир барысында спортшылар бірнеше салмақ дәрежесі бойынша өзара бақ сынасып, жоғары деңгейдегі тартысты белдесулер өткізді.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі **Омаров Оралбек Тәубақабылұлы, Ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы, сондай-ақ спорт саласының ардагерлері, құрметті қонақтар, жаттықтырушылар мен полиция қызметкерлері қатысты. Жарыстың бас төрешісі қызметін Қызылорда облысы жекпе-жек федерациясының президенті Дәулетов Дәуірбек Замирбекұлы атқарды. Ал төрешілер алқасының құрамына халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, еліміздің чемпиондары мен тәжірибелі төрешілер енгізілді. Бұл жарыстың барлық талаптарға сай, әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне мүмкіндік берді. Салтанатты рәсім барысында сөз сөйлеген полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы қоян-қолтық ұрыс полиция қызметкерлерінің кәсіби қызметінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Полиция қызметкері заңды жетік білумен қатар, кез келген күрделі жағдайда жедел әрекет ете алатын, физикалық тұрғыдан шыныққан маман болуы қажет. Мұндай жарыстар қызметкерлердің жауынгерлік даярлығын жетілдіріп қана қоймай, олардың батылдығын, төзімділігін, тәртібін және жауапкершілігін арттырады. Сонымен бірге әріптестер арасындағы өзара сенімді нығайтып, командалық рухты қалыптастыруға ықпал етеді, – деді ол.

Өз кезегінде ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың әділ әрі тартысты өтуіне сенім білдірді. Ол жас қызметкерлерге спортпен тұрақты түрде айналысып, кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдірудің маңыздылығына тоқталды. Ардагердің айтуынша, дене дайындығы жоғары қызметкер кез келген қызметтік міндетті сапалы орындап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиімді жұмыс атқара алады. Жарыс барысында әрбір кездесу жоғары қарқынмен өтті. Қатысушылар қарсыластарынан басым түсу үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, өздерінің техникалық дайындығы мен тактикалық шеберлігін көрсетті. Кейбір белдесулер соңғы секундтарға дейін жалғасып, жеңімпаз тек төрешілер шешімімен анықталды. Бұл турнирге қатысқан қызметкерлердің дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.                                         Қоян-қолтық ұрыс – полиция қызметкерлері үшін тек спорттық жарыс қана емес, күнделікті қызмет барысында қажет болатын практикалық машықтарды жетілдіретін маңызды дайындықтың бірі. Аталған спорт түрі күштілік пен ептілікті ғана емес, сабырлылықты, шапшаң шешім қабылдауды, өзін-өзі бақылауды және психологиялық тұрақтылықты талап етеді. Сондықтан мұндай жарыстар қызметкерлердің кәсіби даярлығының ажырамас бөлігі саналады. Турнир қорытындысы бойынша барлық салмақ дәрежесінде үздік шыққан спортшылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және арнайы марапаттармен марапатталды.                    Атап айтқанда, 57 келі салмақ дәрежесінде Ғазиз Руслан Рустамұлы, 62 келіде Смағұл Ербол, 67 келіде Шанжархан Рамазан, 73 келіде Нұрланов Нұрислам, 80 келіде Сәдуақасов Ернар Сабырбекұлы, 88 келіде Мәлік Бекжан Бегалыұлы, 97 келіде Әбдіхай Заманбек және 97 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Тынысбек Қуаныш Сәбитбекұлы жеңімпаз атанып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионатына қатысу құқығына ие болды. Жарыстың барлық жеңімпаздары енді Қызылорда облысы Полиция департаментінің құрама командасы сапында республикалық чемпионатта өңір намысын қорғайды. Алдағы жарыста олар еліміздің өзге өңірлерінен келетін үздік полиция спортшыларымен бақ сынайды. Сондықтан іріктеу кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен қызметкерлердің алдағы дайындықтарына ерекше көңіл бөлінетін болады.  Айта кету керек, Қызылорда облысы Полиция департаментінде қызметкерлердің дене және жауынгерлік даярлығын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жыл сайын спорттың әртүрлі түрлерінен чемпионаттар, оқу-жаттығу жиындары, спартакиадалар және арнайы жарыстар ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралар полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, олардың төзімділігін, тәртібін, психологиялық тұрақтылығын және командалық бірлігін нығайтуға мүмкіндік береді.    «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру барысында өткізілген мұндай жарыстар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдіруге, қызметтік тәртіпті нығайтуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапкершілігін арттыруға өз үлесін қоса береді. Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы алдағы уақытта да қызметкерлер арасында бұқаралық спортты дамытуға және олардың жауынгерлік әзірлігін шыңдауға бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыратын болады.