Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті

2 527

Фото: Облыс әкімдігіОсы жылғы 14 маусымда Қызылорда облысының әкімдігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Отырысқа Қызылорда облысы әкімі Н.Нәлібаев, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат төрағасы, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері және облыстық басқармалардың басшылары қатысты.


Мәжілісте «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына» енгізілген салалар: әлеуметтік сала, агроөнеркәсіптік кешені, жер, жол және инфрақұрылым, бизнес, жылу электр орталығы, сонымен қатар, сейсмикалық қауіпсіздік салалары бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды.


Атап айтқанда, жиын барысында өңірлік Антикор басшысының бірінші орынбасары А.Ашиков білім беру, медицина, инфрақұрылым салаларына жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыртқы талдау, сонымен қатар сібір жарасы қорымдары, сейсмикалық қауіпсіздік, жеке тұрғын үй құрылысы салаларына жүргізілген тиісті мониторинг нәтижесімен енгізілген ұсынымдар мен олардың орындалу барысы жөнінде баяндама жасады.


«Бизнеске жол» жобасы аясында жыл басынан бері 1500-ден астам кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды.


Кәсіпкерлерге кедергі келтіріп, бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік органдардың 18 қызметкері тәртіптік, 1 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 1 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.


Өңірде су тасқыны бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен тәуекелдерді алдын алу мақсатында, бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты игерілуін және салынып жатырған су бөгеттерінің сапасын қатаң бақылауға алу ұсынылды.


Сонымен қатар,  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының жүзеге асыру барысы  туралы жеткізіліп, атқарылған жұмыстар бойынша бейнеролик көрсетілді.


Мысалы, волонтерлермен «Біріңғай сатып алу терезесі» порталына жүргізілген мониторингтің нәтижесінде, бағаның негізсіз көтерілу фактілері анықталып, қабылдаған шаралармен 190 млн. теңгеге жуық бюджет қаражаты үнемделген.


Бұдан басқа, Департаментпен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу және сату саласына жүргізілген мониторингпен бірқатар сыбайлас жемқорлық факторлары анықталып, құқық қолдану тәжірибесін жандандыру мақсатында мүдделі органдарға тиісті ұсынымдар берілді.


Отырыстың қорытындысымен, облыс әкімі Н.М.Нәлібаев күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұсынымдарды қолдап, жергілікті атқарушы органдардың тиісті басқарма басшыларына және қала, аудан әкімдеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және орын алған бұзушылықтарды жою жөніндегі нақты шараларды шұғыл қабылдап, Заңның дәл және біркелкі орындалуы жөнінде тапсырмалар берді.