Қызылорда облыстық ауруханасында 460 мың теңге тұратын керует 1,2 млн теңгеге сатып алынған: Бас есепші қамауға алынды

4 302

Фото: freepik.comҚаржы мониторингі агенттігі "Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасы" ШЖҚ МКК-ның лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталғанын мәлімдеді. Мекеменің бас есепшісі екі ай мерзімге қамауға алынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Агенттік мәліметінше, аурухананың бас есепшісі медициналық кереуеттерді сатып алу бағасын үш есеге көтеру арқылы мемлекет қаржысын жымқырған.

"Жоғары бағаны көздеген күдікті жұбайы дайындаған жалған баға ұсыныстарын қолданған. Өткізілген тендердің нәтижесінде ЖШС мен аурухана арасында жалпы құны 259 млн теңгеге 220 медициналық кереует сатып алуға шарт жасалған. Бір кереуеттің бағасы 1,2 миллион теңге деп көрсетілген. Бірақ шын мәнінде оның нақты сатып алу бағасы 460 мың теңгеден аспаған, яғни көрсетілген бағадан үш есе арзан болған", – делінген ҚМА хабарламасында.

Негізсіз қосылған шығын көлемі 129 млн теңге болған.

Тергеу барысында күдіктілердің 111 млн теңге тұратын мүлкіне тыйым салынып, мемлекетке келтірілген 129 млн теңге көлеміндегі залал толық көлемде өтелген.

Бас есепші 2 ай мерзімге қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.