ҚЫЗЫЛОРДАДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ

1 503

ҚЫЗЫЛОРДАДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Аталған жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Үкімет отырысында ел аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелері мен алдағы міндеттер сараланды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы бастамалар еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Аймақтағы бағдарлама бағыттары санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге, елді мекендерді абаттандыруға, жасыл аймақтарды көбейтуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға негізделген. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті бюджет қаражаты есебінен ғана емес, сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің демеушілік қолдауы арқылы да жүзеге асырылуда.

Соңғы жылдары облыс орталығы мен аудан орталықтарында бірқатар қоғамдық кеңістіктер жаңғыртылып, жаңа демалыс аймақтары, спорт және балалар алаңдары салынды. Атап айтқанда, Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата сквері толықтай қайта жаңғыртылып, заманауи келбетке ие болды.

Бұл нысандар бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарына айналып отыр. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, жарықтандыру жүйелері, жасыл желек аймақтары және түрлі мәдени-спорттық инфрақұрылымдар жаңартылған.

Мемлекет басшысының облыс орталықтары маңынан экопарктер құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында Президент саябағы жаңадан салынды. 31 гектар аумақты қамтитын бұл заманауи демалыс орны өңірдегі ең ірі экологиялық жобалардың бірі болып саналады.

Президент саябағында субұрқақтар кешені, амфитеатр, спорт және ойын алаңдары, 50 метрлік шолу дөңгелегі, веложолдар мен жаяу жүргіншілер жолдары, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық нысандар қарастырылған. Сонымен қатар саябақ аумағына 10 мыңнан астам ағаш көшеті, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 мың көпжылдық гүл отырғызылған. Бұл аумақ экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және қаланың жасыл белдеуін кеңейтуге айтарлықтай үлес қосып отыр.

Қазіргі таңда Президент саябағы аумағында қосымша инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 300 орындық балалар лагері мен Ботаникалық білім беру орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл орталықта тропикалық және экзотикалық өсімдіктер бағы ұйымдастырылып, оқушылар мен студенттерге экологиялық білім беру мүмкіндігі кеңейтіледі деп күтілуде.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудан мен ауылдық елді мекендерде де кеңінен жүзеге асырылып келеді. Елді мекендерде жаңа демалыс орындары, аллеялар мен саябақтар салынып, көшелер абаттандырылып, жарықтандыру жүйелері жаңартылуда.

Демеушілік қаражат есебінен Жаңақорған ауданында жаңа демалыс паркі салынса, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер аллеясы» пайдалануға берілді. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп, қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттырды.

Сонымен қатар Қармақшы ауданының Жаңажол ауылында орталық алаң толықтай абаттандырылып, заманауи талаптарға сай келетін демалыс аймағына айналды. Жалағаш ауданының Таң ауылында көшелерді көркейту, жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, елді мекеннің жалпы келбеті жақсартылды.

Бағдарлама аясында тек абаттандыру ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Тұрғындар арасында тазалық мәдениетін насихаттау, сенбіліктер ұйымдастыру, еріктілер қозғалысын дамыту және экологиялық акцияларды өткізу тұрақты сипат алған.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату бағытында «Жасыл даму» АҚ қолдауымен 9 ірі жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және заманауи қалдық өңдеу жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Аталған салаға шетелдік инвестициялар тартылып, озық технологиялар енгізілуде. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында шетелдік компаниялардың қатысуымен тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытындағы 2 ірі жоба құрылысы басталды. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі айтарлықтай артып, экологиялық жүктеме азаяды деп күтілуде.

Сонымен қатар өңірде жасыл экономика қағидаттарын енгізу, энергия үнемдеу технологияларын пайдалану және экологиялық таза өндірістерді дамыту бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар облыстың тұрақты дамуына және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жиында облыс өкілдері «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Әрбір тұрғынның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бағдарламаның негізгі мақсаты болып қала береді.

Қорытындысында аталған бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатыны, жаңа жобалар кезең-кезеңімен іске асырылатыны және өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылданатыны айтылды.