Ақтауда караоке-барды тексерістің соңы жанжалмен аяқталды

294
Ақтауда караоке-барды тексерістің соңы жанжалмен аяқталды. Мекеме иесі бақылау тобы мүшесінің біріне жұдырық ала жүгіріп, оның қолындағы камерасын тартып алған. Алайда караоке қожайыны мұнымен келіспейді. Ол керісінше мекемеге шығын келтірді деп тексеруші топ өкілдерін кінәлап отыр. 

Телеарнаның мәліметінше, бақылау тобы бұл жолы журналистерді де шақырған. 

Мекемеге барғанда оператор заң бұзушылықты видеоға түсіріп алуға тырысқан. Алайда оған караоке иесі мүмкіндік бермеген. Ол операторға жұдырық ала жүгірген. 

БАҚ өкілінің айтуынша, салдарынан олардың қымбат техникасы бүлінген.
 
"Ол менің бетіме шынтағымен соққы жасап, камерамды тартып алды. Оны тек 2 сағаттан соң яғни топ құрамындағы учаскелік инспектор полицияның қосымша жасағын шақырған кезде қайтарып берді", - дейді оператор Абай Жанысбаев. 

Десе де, караоке-бар басшылығы тағылған айыппен келіспейді. Олар керісінше өздерінің шығынға батқанын айтады. Мекеме өкілінің сөзінше, тексеруші топ өкілдерінің бірі терезедегі жалюзиді сындырып тастаған.
 Оның айтуынша, бар қожайыны тіпті, камерамен жүрген адамның тексеруші топ өкілі екенін де білмеген. 

"Камераны алып, барға қойып қойды, болды. Ешкімді ұрмады, тіпті қол көтеруге талпынбаған. Ұрып не керек, егер түсіндіруге болатын болса. Жала жауып отыр", - дейді караоке-бардың өкілі Қамбар Жариев. 

Дегенмен мекеме карантин талаптарын бұзғаны үшін, жауапкершілікке тартылмағаны белгілі болды. Оларға тек ескерту жасалған. Ал орын алған жайтқа қатысты полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

"Қазіргі таңда аталған факт бойынша тексеру жүргізілуде, оның нәтижесінде құқықтық баға берілетін болады", - дейді Маңғыстау облысының полиция департаменті.