Қызылордада балабақшаға барып жүрген 4 жасар қыздың құлағының пердесі тесіліп кеткен
Бүлдіршіннің анасы балабақша тәрбиешілерінің жазасыз қалғанына наразылығын білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы мемлекеттік балабақшаға барып жүрген төрт жасар қыздың құлағы естімей қалды. Анасының сөзінше, бір құлағының пердесі тәрбиешінің ауыр соққысынан жарылып кеткен. Бүлдіршін анасына апайының қалай ұрғанын өзі айтып беріпті. Бірақ бөбекжай қызметкері жазасыз қалған.
Екі ай бұрын №2 Ұлан бөбекжайынан келген Айзия Серікқожаның құлағы солқылдап ауырған екен. Түнімен мазасынданған бүлдіршінді анасы таңда емханаға апарған. Айтуынша, дәрігерлер құлақ пердесінің қатты соққыдан тесіліп кеткенін айтқан. Содан бері олар емдеу мекемелерінің табалдырығын тоздыруға мәжбүр.
Айзияның бір құлағы әлі де дұрыс естімейді. Аруна Ахметова қызының дерті оның жүйкесіне де әсер еткен дейді. Алайда бөбекжай қызметкерлері бүлдіршінді ұрғанын мойындамаған. Оның үстіне балабақшадағы бейнекамералардың жазбасын да көрсетпей қойды дейді.
Балабақша басшылары бұл шағымды растамады, не жоққа шығармады. Тек болған іс бойынша құзырлы органдар айналысып жатыр деді. Қазір “кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау” бабымен іс тергеліп жатыр.