ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ФРАКЦИЯ ОТЫРЫСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЖАН-ЖАҚТЫ ҚАРАЛДЫ
Қызылорда облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Жиын барысында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы сараланып, нақты міндеттер айқындалды.
Отырысты фракция жетекшісі Жорабек Нұрымбетов ашып, күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталды. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, сондай-ақ тиісті басқарма басшылары мен жауапты сала
өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының өңірлік Жол картасының іске асырылу барысы негізгі тақырыптардың бірі болды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жобалар мен міндеттерді нақтылап өтті. Оның айтуынша, Жол картасында көзделген индикаторларға қол жеткізу үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы аса маңызды.
Сонымен қатар, отырыста өңірде жүзеге асырылып жатқан партиялық жобалардың нәтижелері де жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру, кәсіпкерлікті
дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүргізілген жұмыстар сөз болды. Ал «Жер аманаты» жобасы бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару және оларды тиімді игеру мәселелері көтерілді. Бұл бағытта облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев баяндама жасады.
Бұдан бөлек, «Қарызсыз қоғам» жобасының өңірде жүзеге асырылуы, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтарға кеңес беру және берешек жүктемесін азайту бағытындағы жұмыстар туралы жоба өкілі Балдырған Мәмен хабарлама жасады. Ал «Цифрлық қоғам» жобасы аясында цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алу мүмкіндіктерін кеңейту және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын дамыту мәселелері партияның облыстық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің басшысы Гаухар Исмаилова тарапынан таныстырылды.
Фракция отырысында депутаттардың мемлекеттік органдарға жолдаған сауалдарының сапасы мен олардың орындалу деңгейі де ерекше назарға алынды. Халықтан түскен өтініш-тілектердің дер кезінде әрі сапалы шешілуі, депутаттардың өңір тұрғындарымен кері байланыс орнату жұмыстары, есептік кездесулердің тиімді ұйымдастырылуы жан-жақты сараланды.
Жиын барысында фракция жетекшісі Жорабек Нұрымбетов, партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай және фракция мүшелері жауапты орган басшыларына нақты сауалдарын қойып, бірқатар өзекті ұсыныстарын білдірді. Әсіресе, Жол картасында көрсетілген жобалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы, әлеуметтік нысандардың құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, халықты жұмыспен қамту мәселелері кеңінен қозғалды.
Жиын қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға енгізілді. Атап айтқанда, депутаттық сауалдардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізуді күшейту, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру, сондай-ақ Жол картасында көзделген іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Сонымен қатар, партияның облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиялары мен қоғамдық кеңестерге Жол картасының жүзеге асырылуына тұрақты бақылау жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша нақты ұсыныстар енгізу міндеттелді. Бұл өз кезегінде партиялық бақылау тетіктерін күшейтіп, атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, фракция отырысында қаралған мәселелер өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді арттыруға бағытталған маңызды қадамдар ретінде айқындалды. Мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің өркендеуіне оң әсерін тигізеді деп күтілуде.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







