ҚАЗАЛЫДА ТЕМІРЖОЛШЫЛАРДЫҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ
Бүгін Қазалы ауданында Теміржол көлігі қызметкерлері күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Теміржол саласы ардагерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетуге арналған жиынға ауданның теміржол мекемелерінің басшылары, сала ардагерлері, еңбек озаттары, мемлекеттік мекеме өкілдері және тұрғындар қатысты.
Әйтеке би кентіндегі Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде теміржолдың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды рөліне тоқталып, бұл саланың тәуелсіз Қазақстанның көлік-логистика жүйесіндегі стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
– Көлік инфрақұрылымы – мемлекеттің экономикалық қуатын айқындайтын басты тетік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жол – тіршілік көзі. Теміржол болмаса, экономика дамымайды. Біз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән береміз», – деп бұл саланы дамытуды стратегиялық басымдық ретінде белгілеп берді. Бүгінде елімізде мыңдаған шақырым жаңа теміржол желілері салынып, олардың өткізу мүмкіндігі артып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес республика бойынша 124 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Оның ішінде 10 жоба Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатыр. ![]()
Жуырда ғана Мемлекет басшысы, Үкімет және облыс әкімінің қолдауымен осы жобалардың бірі – 120 жылдан астам тарихы бар Қазалы теміржол вокзалы толықтай қайта жаңғыртылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Тарихи маңызы зор нысанды жаңғыртуға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тарапынан 1 миллиард 290 миллион теңге қаржы бөлінді. Сонымен бірге вокзал аумағын абаттандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен 91 миллион теңге қаралып, аумақ толықтай көркейтілді. Бұдан бөлек, биыл жыл басында құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір қайта салынып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына мүмкіндік жасалды. Теміржол – жоғары жауапкершілік пен темірдей тәртіпті талап ететін ерекше сала. Күннің аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан, тәулік бойы үздіксіз еңбек етіп жүрген теміржолшылардың қажырлы еңбегі мемлекетіміздің тұрақты дамуына, жолаушылар мен жүктердің қауіпсіз әрі уақытылы тасымалдануына зор үлес қосып келеді. Барша Қазалы халқының атынан сіздерге адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы. Аудан басшысы теміржолшылардың еңбегі тек көлік саласының ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды тірегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазалы ауданының даму тарихы теміржолмен тығыз байланысты. Бір ғасырдан астам уақыт бойы бұл өңір теміржол қатынасының маңызды торабы ретінде қалыптасып, елдің әр өңірін байланыстырып келеді.
Салтанатты жиын барысында теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосқан және өздерінің кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлерге мемлекеттік және салалық наградалар табысталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, «Қазақстан вагон жөндеу кәсіпорындары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төсбелгілері, Қызылорда облысы әкімінің және Қазалы ауданы әкімінің Алғыс хаттары табысталып, олардың көп жылғы адал еңбегі мен саланың дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды. Марапатталғандардың қатарында ұзақ жылдар бойы теміржол саласында еңбек етіп, кәсіби тәжірибесімен кейінгі буынға үлгі болып жүрген ардагерлермен қатар, бүгінде өндірісте табысты еңбек етіп жүрген жас мамандар да болды. Бұл – саладағы сабақтастықтың сақталып, тәжірибе мен жаңашылдықтың үйлесімді жалғасып келе жатқанының айқын көрінісі. Мерекелік шара аясында ауданның теміржол тарихынан сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Қазалы теміржолының қалыптасу кезеңдері, тарихи фотосуреттер, архивтік құжаттар, теміржолшылар пайдаланған құрал-жабдықтар мен әр жылдардағы еңбек жетістіктерін айғақтайтын құнды экспонаттар қойылды. Қонақтар көрмені қызығушылықпен аралап, өңірдегі теміржол саласының қалыптасуы мен дамуы туралы тың мәліметтермен танысты.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Сахнада патриоттық әндер шырқалып, ұлттық және заманауи би композициялары орындалды. Өнерпаздар теміржолшылардың ерен еңбегін дәріптейтін музыкалық қойылымдар ұсынып, мереке иелеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар аудан әкімінің ықылас гүлі сахна төріне шығарылып, сала қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Іс-шара барысында сөз алған теміржол саласының ардагерлері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, бүгінгі таңда салада еңбек етіп жүрген мамандарға табыс тіледі. Олар жас буынды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және өз кәсібіне адал болуға шақырып, теміржолшы мамандығының абыройы мен беделі қашанда жоғары екенін айтты.![]()
Айта кетейік, Қазалы ауданы теміржол қатынасы тұрғысынан еліміздің маңызды өңірлерінің бірі саналады. Аудан аумағы арқылы өтетін теміржол желісінің жалпы ұзындығы 91 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда аудан арқылы тәулігіне 13 жұп жолаушылар пойызы қатынап, еліміздің түрлі аймақтарын өзара байланыстырып келеді. Жыл басынан бері аудан арқылы 500 мыңнан астам жолаушы тасымалданып, 9 миллион тоннадан астам жүк жеткізілген. Бұл көрсеткіштер өңірдің көлік-логистика әлеуетінің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде аудан аумағындағы 15 теміржол мекемесі мен кәсіпорнында 2 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. Олар тәулік бойы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, теміржол инфрақұрылымының үздіксіз жұмыс істеуіне, жолаушылар мен жүктердің белгіленген уақытында жеткізілуіне жауапты маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Теміржолшылардың адал еңбегі – өңірдің ғана емес, тұтас ел экономикасының тұрақты дамуына қосылған үлкен үлес. Сондықтан олардың кәсіби мерекесін атап өту – сала мамандарына деген құрметтің, олардың қоғам алдындағы еңбегін бағалаудың айқын көрінісі.







