Шиеліде “Жиделі топтық су құбыры” өндірістік бөлімшесінің қызметкерлерімен мазмұнды әрі тағылымды кездесу ұйымдастырылды

1 505

Шиеліде “Жиделі топтық су құбыры” өндірістік бөлімшесінің қызметкерлерімен мазмұнды әрі тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның басты мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау, қызметкерлердің құқықтық және рухани сауаттылығын арттыру, сондай-ақ қазіргі таңда жиі кездесетін қауіп-қатерлердің алдын алу болды.

Кездесу барысында РАТТ мүшесі Ботақараев Бауыржан Қуанышбайұлы сөз сөйлеп, қоғамдағы маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде ұлттық және дәстүрлі құндылықтарды сақтау – әрбір азаматтың басты міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар, жастар арасында және жалпы қоғамда кездесетін теріс діни ағымдардың зардаптары туралы айтып, олардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Қатысушыларға дұрыс діни бағытты ұстанудың маңызы мен жалған ағымдардың белгілері жайлы нақты мысалдар келтірілді.

Іс-шара барысында аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К. Есенбаев та сөз алып, қазіргі таңда белең алып отырған интернет алаяқтық мәселесіне ерекше назар аударды. Ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық түрлері, олардың айла-тәсілдері туралы жан-жақты түсіндіріп, азаматтарды сақ болуға шақырды. Сонымен қатар, жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз тұлғаларға қаржылық ақпарат бермеу сияқты қауіпсіздік шаралары кеңінен түсіндірілді.

Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі тұшымды жауаптар алды. Мұндай кездесулер қызметкерлердің ақпараттық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы түрлі мәселелерге бей-жай қарамауына ықпал ететіні анық.

Жалпы алғанда, іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар үшін пайдалы әрі маңызды ақпараттарға толы болды. Осындай тағылымды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.