Мұхтар Құл-Мұхаммед Қызылордадағы жаңа нысандармен танысты
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедке қала аумағында жаңадан бой көтерген бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмыс барысын таныстырды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сапар Президент саябағын қайта жаңғырту жобасынан басталды. Қазіргі таңда саябақта кең көлемді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас мердігер Bi Global ЖШС жобада көрсетілген талаптарға сәйкес саябақ аумағында үш аллея, алты субұрқақ, бес амфитеатр, жеті балалар ойын алаңы, төрт спорт және төрт workout алаңы, жеті демалыс аймағы, төрт фудкорт, теннис үстелдері, биіктігі 50 метр болатын айналмалы дөңгелек аттракцион, би алаңы, стритбол, вело және жүгіру жолақтары, сахна, сарқырама каналдары және олардың үстінен өтетін көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары, арқан саябағы мен модульдік-санитарлық нысандар орнатуды жоспарлауда.
Саябақ аумағында төрт мезгіл бойы үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығының құрылысы да қарқын алған. Бұл нысандардың бас мердігері Alem Qurylys AQ ЖШС спорт блогын, түрлі іс-шараларға арналған event-аймақты, тұрғын корпустарды, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттарды, дәстүрлі киіз үйлерді, ашық бассейнді, стадионды, футбол алаңын және сахнаны салуды қолға алған.
Аймақ басшысы әрі қарай қала сәулетіне ерекше көрік беретін көпфункционалды Өнер орталығын көрсетті. Мұнда симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағыттарында концерттік бағдарламалар, шығармашылық кештер мен қоғамдық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Келушілер санының көп болуы орталықтың қала тұрғындары үшін маңызды мәдени орынға айналғанын көрсетеді.
Келесі нысан ретінде балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы таныстырылды. Бір мезетте 500, ал тәулігіне 3 мыңға дейін оқушы қабылдай алатын бұл орталықта бассейн, топтық жаттығу бөлмелері, көркем гимнастика және фитнес залдары, үстел ойындары кабинеті, жекпе-жек залдары, балалар мен қыздарға арналған жеке киіну бөлмелері қарастырылған. Сондай-ақ көркемдік-эстетикалық бағыттағы кескіндеме, сурет салу, резин арт, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер кабинеттері, FabLab зертханасы, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.
Облыс әкімі сапар барысында «Анаға тағзым» орталығын, орталық алаңды, тарихи-өлкетану музейін, қалалық демалыс саябағын және жақында пайдалануға берілген «Қайсар арена» жаңа стадионын да көрсетті. Әрбір нысанның өңірдің әлеуметтік, мәдени және спорттық инфрақұрылымын дамытудағы маңызы ерекше атап өтілді.
Аралаудан кейін Мұхтар Құл-Мұхаммед Сыр өңірінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың ауқымын жоғары бағалады. Ол Қызылорда облысындағы халық санының өсімі республика бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі екенін, аймақтың бюджеттік мүмкіндіктері жыл сайын кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа ғимараттардың көптеп салынуы өңірдің қарқынды дамуының нақты айғағы. Сондай-ақ 2008 жылы негізі қаланған Президент саябағы толық жаңғыртылғаннан кейін Қазақстандағы ең ірі демалыс орындарының қатарына қосылатынын айтты. Сол жағалаудың да 2008 жылы алғаш қала бас жоспарына енгізілгенін, бүгінде ол 30 мың тұрғыны бар жаңа қалаға айналғанын ерекше атап өтті. Мемлекет және қоғам қайраткері өңірдегі оң өзгерістерді жоғары бағалап, Қызылорданың өсіп-өркендеуі жалғасатынына сенім білдірді.







