АРАЛ ПОЛИГОНЫНДАҒЫ 6,4 МЫҢ ТОННА ҚОҚЫС ҚАЛДЫҒЫ ҚАЙДА КЕТТІ?
Арал ауданында бір жылда полигондарға 14,6 мың тонна тұрмыстық қалдық жеткізілген. Соның 8,2 мың тоннасы ғана қолмен сұрыпталған. Ал қалған 6,4 мың тоннаның нақты тағдыры құжатта көрсетілмеген. Қоқыс та есептің тасасында қалып бара ма? Бұл туралы Opennews.kz ақпараттық агенттігі gov.kz ресми сайтындағы «Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүргізілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Арал ауданындағы тұрмыстық қалдықтардың жағдайына қатысты мәліметтерде 2025 жылы аудан полигондарына 14 653 тонна тұрмыстық қалдық жеткізілгені көрсетілген. Оның ішінде 8 226 тоннасы қолмен сұрыпталған. Бұл жалпы көлемнің шамамен 56,1 пайызын құрайды.
Енді қарапайым есепке салсақ, 14 653 тоннадан 8 226 тоннаны алып тастағанда, 6 427 тонна қалдық қалады. Яғни барлық жеткізілген қалдықтың шамамен 43,9 пайызы бойынша сұрыптау немесе одан кейінгі тағдыр жөніндегі нақты мәлімет көрсетілмеген. Мәселе дәл осы жерде.
Бұл 6 427 тонна қалдықтың жоғалып кеткенін білдірмейді. Алайда құжатта оның қайта өңдеуге жіберілгені, көмілгені немесе басқа тәсілмен кәдеге жаратылғаны нақты көрсетілмеген.
Құжатта Арал қаласының оңтүстік-батысындағы полигонға және елді мекендердегі арнайы белгіленген орындарға тұрмыстық қалдықтар төгілетіні айтылған. Қалдықтарды жинау және тасымалдау жұмыстарын «Арал тазалығы» ШЖҚ МКК мен «ARDANA СКУРР» ЖШС атқаратыны көрсетілген. Ал сұрыпталған 8 226 тонна қалдықтың құрамында макулатура, картон және қағаз бар екені, олардың тиісті өңірлерге жөнелтілетіні жазылған. Бірақ қалған бірнеше мыңдаған тоннаға келгенде есеп жоқ.
Егер 6 427 тонна қалдық сұрыптаудан өтпей, полигонға көміліп жатса, оның көлемі мен орналастырылуы бойынша нақты есеп болуы керек.
Полигонға түскен әр тонна қалдықтың есебі жүргізіле ме? Қалдықтарды орналастырудың белгіленген талаптары сақтала ма? Полигондардың экологиялық рұқсаттары бар ма?
Бұл сұрақтардың жауабы құжаттағы қысқа статистикадан көрінбейді.
Тағы бір назар аударатын мәселе – 8 226 тоннаның қолмен сұрыпталуы. Оның артында күн сайын полигонда жұмыс істейтін адамдар тұр. Олар қандай қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген? Арнайы киім, қолғап, маска бар ма? Жұмыс орны санитарлық және еңбек қауіпсіздігі талаптарына сай ма? Бұл да нақтылауды қажет ететін мәселе.
Сұрыпталған макулатура, картон мен қағаздың өңірлерге жөнелтілетіні көрсетілгенімен, одан түсетін экономикалық көрсеткіштер ашық емес.
Қалдықтың нақты көлемі қанша? Қай кәсіпорындарға өткізілді? Бір тоннасы қандай бағамен сатылды? 2025 жылы қайта өңдеуге жарамды қалдықтан қанша қаражат түсті?
Өйткені қоқыс тек экологиялық мәселе емес, экономикалық айналымға да түсетін ресурс.
Аралда бір жылда 14 653 тонна қалдық жиналған. Оның 8 226 тоннасының сұрыпталғаны көрсетілген. Ал 6 427 тонна қалдықтың ары қарайғы тағдыры бойынша ашық әрі нақты дерек керек.
Бұл жерде ешкімді айыптап, байбалам салудың қажеті жоқ. Бірақ есептегі осы ақтаңдақты түсіндіру – жауапты мекемелердің міндеті.
14,6 мың тонна қоқыстың 8,2 мыңы есепте тұрса, қалған 6,4 мыңы да жауапсыз қалмауы тиіс. Өйткені қоқыс көзге түспей көміліп қалуы мүмкін. Ал оның есебі көміліп қалмауы керек.
Қаз
Рус






