ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ҚАРАДЫ

1 510

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында 2025-2026 оқу жылының қорытындылары, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселелері, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер, сондай-ақ облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы жан-жақты қаралды.

Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының жауапты мамандары, сондай-ақ тиісті мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сала басшыларының баяндамалары тыңдалып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланды. Жиынды ашқан аудан әкімі Ардақ Ибраимов күн тәртібіне енгізілген мәселелердің маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. Аудан басшысы қазіргі таңда білім беру сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуы басты назарда болуы қажет екенін айтты.

Бүгінгі Үкімет отырысында қаралған мәселелер бойынша аймақ басшысы тарапынан нақты тапсырмалар берілді. Барлық тапсырмалар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Әсіресе, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысында қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі қажет. Жазғы демалыс кезеңінде барлық үйірмелер мен спорттық секциялардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – маңызды міндеттердің бірі. Сонымен қатар, лагерьлердегі санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары толық сақталуы тиіс. Мемлекеттік бағдарламалардың ауданда орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстап, межеленген көрсеткіштердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылады, – деді А.Ибраимов.

Мәжілісте алдымен 2025-2026 оқу жылының қорытындылары қаралды. Аудан бойынша биыл 470 оқушы мектеп бітіріп отыр. Оның ішінде 414 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Бұл көрсеткіш аудан жастарының жоғары білім алуға деген ынтасының артып келе жатқанын аңғартады. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында білім сапасы мен оқушылардың жетістіктері де жоғары деңгейде болды. Атап айтқанда, түлектердің 20-сы «Алтын белгіге» үміткер болса, 42 бітіруші «Үздік аттестатқа» ұсынылған. Бұл – аудан мектептеріндегі білім беру сапасының жоғары екенінің айқын дәлелі. Жиында оқушылардың олимпиадалар мен ғылыми жарыстардағы жетістіктері де ерекше аталып өтті. Биыл республикалық ауыл мектептеріне арналған олимпиаданың облыстық кезеңіне ауданнан 106 оқушы қатысып, оның 22-сі республикалық кезеңге жолдама алған. Нәтижесінде республика деңгейінде 8 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде 3 оқушы Алтын медаль иегері атанса, 2 оқушы Күміс медаль, 3 оқушы Қола медаль жеңіп алды. Аудан әкімі бұл жетістіктер – ұстаздардың қажырлы еңбегі мен оқушылардың талпынысының нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта да білім сапасын арттыру, дарынды балаларды қолдау және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Мәжілісте балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселесі де кеңінен талқыланды. Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл «Ақтерек» лагерінде 452 баланың жазғы демалысы жоспарланған. Оның ішінде 402 бала міндетті оқу қоры есебінен, ал 50 бала кәсіподақ есебінен қамтылады. Лагерьде балалардың демалысын ұйымдастыру барысында тәрбиелік, мәдени-спорттық және танымдық шараларға басымдық беріледі. Сонымен қатар, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау бағытында барлық санитарлық талаптар қатаң бақылауда болады.

Аудан әкімі жауапты сала басшыларына балалардың жазғы демалысын сапалы әрі мазмұнды ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне, медициналық қызметтің сапасына, тамақтану талаптарының сақталуына және лагерь аумағындағы санитарлық тазалыққа ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Жиында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар да талқыланды. Бүгінде аудан көлемінде санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, ағаш көшеттері отырғызылуда. Сонымен қатар, аяқсу арналары мен арық жүйелері қоқыстан тазартылып, елді мекендердің көркеюіне бағытталған жұмыстар жалғасуда. Аудан әкімі экологиялық мәдениетті қалыптастыру – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, тазалық жұмыстарының бір реттік науқан емес, тұрақты үрдіске айналуы қажет екенін айтты. Сондай-ақ, кент және ауылдық округ әкімдеріне санитарлық тазалықты тұрақты бақылауда ұстап, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу жөнінде тапсырмалар жүктеді. Мәжіліс барысында облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы да сараланды. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар бойынша жауапты сала басшылары есеп берді.

Аудан басшысы барлық көрсеткіштердің сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтып, әрбір тапсырманың мерзімінде әрі нәтижелі орындалуы қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететінін атап өтті. Жиын қорытындысымен күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша кент және ауылдық округ әкімдеріне, тиісті бөлім және мекеме басшыларына хаттамалық тапсырмалар берілді. Жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалу мерзімдері белгіленді. Жалпы, мәжілісте қаралған мәселелер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы маңызды міндеттерді қамтыды. Алдағы уақытта да аудан көлемінде мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.  

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі.