Қызылордада облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов азаматтарды жеке қабылдады

1 667

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Қабылдау партияның бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Іс-шараға партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, сондай-ақ бірқатар басқарма басшылары мен жауапты мекемелердің өкілдері қатысты.

Азаматтар өзекті мәселелерін жеткізді

Қабылдау барысында тұрғындар кәсіпкерлікті қолдау, жеке кәсіп ашуға жер телімдерін бөлу мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар, ағайынды Қожықовтар көшесінің тұрғындары сол аумақта орналасқан жанармай құю станциясына қатысты шағымдарын білдірді.

Олардың айтуынша, станцияның санитарлық қорғау аймағы мен орналасу нормативтері сақталмаған, нәтижесінде иіс пен шудың тұрғындарға қолайсыздық туғызатынын жеткізді.

Мәселелер бақылауға алынды

Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өтініш иелеріне заңнама және мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша нақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Ал Қожықовтар көшесіндегі тұрғындардың шағымына байланысты мәселені тікелей өз бақылауына алатынын айтты.

Тиісті басқарма басшылары мен мекемелерге нысанның санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкестігін зерделеп, шешу жолдарын қарастыру жөнінде тапсырма берілді.

«Азаматтардың әрбір өтініші назардан тыс қалмайды. Басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, мәселелерді нақты шешу жолдарын табу», – деді Ардақ Зебешов қабылдау қорытындысында.