Жаңақорғанда көпбалалы әке мен депутат арасындағы жер дауы сотқа жетті
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында көпбалалы әке Ысқақ Заттилаев өзіне тиесілі жер телімін аудандық мәслихат депутатына уақытша берген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттгі.
Бірақ келісілген мерзім аяқталған соң, депутат бұл жерді қайтарудан бас тартқан. Ысқақ Заттилаевтың айтуынша, ол 2018 жылы 75 гектар жерді депутатқа үш жылға уақытша пайдалануға берген. Екі тарап бұл келісімді құжат жүзінде рәсімдеген. Депутат бұл жерді "тұқым шаруашылығын ашамын" деп сұраған. Алайда келісім мерзімі біткеннен кейін, ол жерді қайтармай, өзі иеленіп алған. Көпбалалы әке осы жерге күріш егіп, жеті баласын асырап отырғанын айтады.
Бұл жағдай ушығып, сотқа дейін жеткен. Аудандық сот Заттилаевтың пайдасына шешім шығарып, жерді қайтару туралы үкім еткен. Бірақ депутат бұл шешіммен келіспей, аппеляциялық сотқа шағым түсірген.
Қазір іс аппеляциялық сотта қаралып жатыр. Түсірілім тобы сот отырысына қатыспақ болғанымен, депутат пен оның заңгерлері қарсы болып, судья түсірілімге рұқсат бермеген. Депутат тілшілерге пікір білдіруден де бас тартты, бірақ сырт көзден заң аясында әрекет етіп жатқанын айтқан.
Ал әкімдік өкілі Серік Сейдуалиев бұл дауға араласа алмайтынын мәлімдеді.
Көпбалалы әке аппеляциялық сот істі ұзаққа созып жатыр деп алаңдаулы. Ол депутаттың ықпалы бар деп күдіктенеді. Дегенмен, отбасының жалғыз күнкөріс көзі болған жерді қайтару үшін соңына дейін күресетінін айтты.