ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЗАМАНАУИ САУДА-ОЙЫН-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫН САЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

1 504

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЗАМАНАУИ САУДА-ОЙЫН-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫН САЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Казстройподряд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы, «TUKİB» түрік-қазақ кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Аталай Хикметпен кездесті. Басқосуда Қызылорда қаласында халықаралық талаптарға сай заманауи сауда-ойын-сауық орталығын салу жобасы жан-жақты талқыланып, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы өзара іс-қимылдың негізгі тетіктері қарастырылды.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма басшылары, Қызылорда қаласының әкімі, сәулет, құрылыс және кәсіпкерлік саласының жауапты өкілдері, сондай-ақ инвестор компанияның мамандары қатысты.

Жиын барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және ірі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселелері кеңінен сөз болды.

Аймақ басшысы ең алдымен мәртебелі мейманға Қызылорда облысына арнайы келгені үшін ризашылығын білдіріп, өңірде инвесторлар үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

– Өткен аптада Қызылорда облысына арнайы келіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысқаныңыз үшін өз атымнан және облыс тұрғындары атынан алғысымды білдіремін. Сол кезде Қызылорда қаласында халықаралық талаптарға сай заманауи сауда-ойын-сауық орталығын салу мәселесін жан-жақты талқылаған болатынбыз. Бүгін сол бастаманы нақты іске асыру жолдарын қарастырып отырмыз.

Баршаңызға белгілі, «Казстройподряд» – еліміздегі ғана емес, халықаралық деңгейде де танылған құрылыс компанияларының бірі. Компания көптеген бірегей нысандарды салып, өзінің кәсіби әлеуетін дәлелдеді. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен инженерлік мүмкіндіктеріңіз Қызылорда қаласында жаңа үлгідегі сауда-ойын-сауық кешенін салуға толық негіз болады деп сенеміз.

Облыс әкімдігі бұл жобаны жан-жақты қолдауға дайын. Инвесторларға жер телімін беру, инженерлік желілерді жеткізу, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және мемлекеттік органдармен келісу рәсімдерін жеделдету бағытында толық қолдау көрсетіледі. Біз үшін ең бастысы – тұрғындардың сұранысына сай келетін, өңірдің сәулеттік келбетін жақсартатын және жаңа жұмыс орындарын ашатын сапалы жобаны жүзеге асыру, – деді облыс әкімі.

Мұрат Ергешбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасына инвестиция тарту, өңірлерде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және жеке капиталдың қатысуымен жаңа өндірістер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар салу жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде орындалып келе жатқанын атап өтті.

Президент тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары Қызылорда облысында инвестициялық саясатқа ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде жаңа өндірістер іске қосылып, әлеуметтік инфрақұрылым жаңғыртылып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Аймақ басшысының айтуынша, соңғы жылдары облыста денсаулық сақтау, білім беру, спорт, тұрғын үй құрылысы және инженерлік инфрақұрылым салаларында ондаған ірі жоба пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықаралық компаниялардың қызығушылығын күшейтіп отыр.

Кездесу барысында Қызылорда қаласының даму перспективалары кеңінен таныстырылды.

Облыс орталығында соңғы жылдары жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп, әлеуметтік нысандар саны артып келеді. Сол жағалау жаңа әкімшілік-іскерлік орталық ретінде қалыптасып, заманауи сәулеттік келбетімен ерекшеленуде.

Бүгінде сол жағалауда тұрғын үйлермен қатар мемлекеттік мекемелер, мәдениет және спорт нысандары, демалыс аймақтары мен инженерлік желілер кешенді түрде дамып келеді.

Осыған байланысты халықаралық деңгейдегі сауда-ойын-сауық орталығының салынуы қаланың инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба жүзеге асқан жағдайда Қызылорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сауда және демалыс кеңістігі қалыптасады.

Заманауи орталықта халықаралық және отандық брендтердің дүкендері, гипермаркет, балалар ойын алаңдары, кинотеатрлар, мейрамханалар мен фудкорттар, ойын-сауық аймақтары, фитнес және спорт орталығы, кең автотұрақ, отбасылық демалыс орындары, жасыл аймақтар мен ашық қоғамдық кеңістіктер орналастырылады деп жоспарлануда.

Мұндай кешен тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, шағын және орта бизнестің дамуына да серпін береді.

Жоба іске қосылғаннан кейін жүздеген тұрақты жұмыс орны ашылып, қызмет көрсету саласының көлемі ұлғаяды. Сонымен қатар бюджетке түсетін салық түсімдері көбейіп, қала экономикасының дамуына оң ықпал етеді.

Кездесуде сөз алған «Казстройподряд» ЖШС құрылтайшысы, «TUKİB» түрік-қазақ кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Аталай Хикмет Қызылорда облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өтті.

Оның айтуынша, өңір басшылығы тарапынан көрсетіліп отырған қолдау инвестициялық жобаларды қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік береді.

Аталай Хикмет облыс әкімдігіне ашық әрі сындарлы диалог үшін ризашылығын білдіріп, компанияның Қызылорда қаласында заманауи әрі сәулеттік тұрғыдан ерекше нысан салуға мүдделі екенін жеткізді.

Сонымен қатар ол жобаны әзірлеу барысында қаланың сәулеттік ерекшелігі, климаттық жағдайы, тұрғындардың сұранысы мен болашақ даму перспективасы толық ескерілетінін айтты.

Жобаның басты мақсаты – тек сауда орны емес, тұрғындардың демалуына, уақытын тиімді өткізуіне және мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға арналған көпфункционалды қоғамдық кеңістік қалыптастыру.

Кездесу барысында тараптар жобаны іске асырудың ұйымдастырушылық және техникалық мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, құрылыс жүргізілетін аумақты айқындау, қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу, сәулеттік шешімдерді әзірлеу, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау және мемлекеттік сараптамадан өткізу кезеңдері талқыланды.

Облыс әкімі инвесторларға жобаны іске асыру барысында қолданыстағы заңнама аясында барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.

– Инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асуы үшін мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Әрбір басқарма өз құзыреті шегінде инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс. Біздің мақсатымыз – инвесторлардың уақытын жоғалтпай, барлық рәсімдерді заң талаптарына сәйкес жедел ұйымдастыру, – деді Мұрат Ергешбаев.

Жиында жаңа сауда-ойын-сауық орталығын орналастыру үшін бірнеше балама жер телімі қарастырылды.

Атап айтқанда, Қызылорда қаласының қарқынды дамып келе жатқан сол жағалау аумағы мен Президент саябағына жақын орналасқан аумақтардың мүмкіндіктері таныстырылды.

Бұл аумақтар бүгінде қаланың жаңа қоғамдық әрі іскерлік орталығы ретінде қалыптасып келеді. Мұнда заманауи тұрғын үй кешендері, әлеуметтік нысандар, білім беру ұйымдары, спорт кешендері мен демалыс орындары кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде.

Мамандардың пікірінше, дәл осы аумақтарда халықаралық деңгейдегі сауда-ойын-сауық кешенін орналастыру қаланың бас жоспарына толық сәйкес келеді әрі тұрғындардың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Кездесу барысында инвесторларға екі ықтимал жер телімінің артықшылықтары таныстырылып, олардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар көлік қатынасы, автотұрақтар ұйымдастыру, қоғамдық көлік маршруттарын жетілдіру және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды.

Облыс әкімдігі тарапынан құрылыс алаңына электр энергиясы, ауыз су, табиғи газ, кәріз және байланыс желілерін жеткізу бойынша қажетті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетіні айтылды.

Кездесуде компанияның көпжылдық тәжірибесіне де ерекше назар аударылды.

«Казстройподряд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2005 жылы құрылған. Осы уақыт ішінде компания Қазақстандағы жетекші құрылыс ұйымдарының біріне айналып, азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс саласында жүздеген жобаны табысты жүзеге асырды.

Компания қызметінің негізгі бағыты – халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тұрғын үй, коммерциялық және әлеуметтік нысандарды жобалау мен салу, сондай-ақ құрылыс саласына заманауи технологияларды енгізу.

Бүгінде компанияның портфелінде Астана қаласындағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтары, көпқабатты тұрғын үй кешендері, кеңсе ғимараттары, халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер, спорт кешендері, білім беру мекемелері және күрделі инженерлік құрылыстар бар.

Сондай-ақ кәсіпорын болат конструкциялардан тұрғызылатын нысандарды салуда мол тәжірибе жинақтаған.

Кездесуде бұл тәжірибе Қызылорда қаласында жүзеге асырылатын жаңа жобаға кеңінен қолданылатыны атап өтілді.

Инвесторлар жаңа кешеннің сәулеттік келбеті заманауи урбанистикалық талаптарға сай әзірленетінін жеткізді.

Ғимараттың сыртқы безендірілуінде энергия тиімді материалдар қолданылып, табиғи жарықты барынша пайдалану, энергияны үнемдеу және экологиялық талаптарды сақтау мәселелеріне басымдық беріледі.

Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

Жобада пандустар, лифтілер, тактильді жолақтар, арнайы санитарлық бөлмелер және инклюзивті инфрақұрылым қарастырылмақ.

Кешеннің ішкі құрылымы тұрғындардың барлық жас ерекшеліктерін ескере отырып жоспарланады.

Мұнда халықаралық және қазақстандық брендтердің сауда дүкендері, азық-түлік гипермаркеті, кинотеатрлар, балалардың ойын-сауық орталығы, заманауи фудкорт, мейрамханалар, кофеханалар, фитнес орталығы, ойын алаңдары мен қоғамдық демалыс кеңістіктері орналасады деп күтілуде.

Сонымен бірге түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, көрмелер, концерттер және жастар жобаларын өткізуге арналған әмбебап алаңдар қарастыру жоспарланып отыр.

Бұл кешен тек коммерциялық нысан ғана емес, қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізетін, отбасылық демалыс мәдениетін қалыптастыратын қоғамдық орталыққа айналады.

Кездесу барысында тараптар жобаны жүзеге асырудың экономикалық тиімділігіне де тоқталды.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай ауқымды инвестициялық жоба өңір экономикасына елеулі серпін береді.

Құрылыс кезеңінде жүздеген адам жұмыспен қамтылып, пайдалануға берілгеннен кейін сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, күзет, техникалық қызмет көрсету және логистика салаларында көптеген жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылады.

Сонымен бірге жергілікті құрылыс материалдарын өндірушілер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің тапсырыс көлемі артады.

Бұл өз кезегінде өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына және салық түсімдерінің көбеюіне оң ықпал етеді.

Кездесу қорытындысында тараптар жобаның эскиздік нұсқасын биылғы тамыз айында таныстыру жөнінде уағдаласты.

Эскиздік жобада кешеннің сәулеттік шешімі, құрылыс кезеңдері, функционалдық аймақтары, инженерлік инфрақұрылымы және инвестициялық көрсеткіштері ұсынылады.

Облыс әкімі жауапты басқармаларға жобаны сүйемелдеу жұмыстарын күшейтіп, инвестормен тұрақты байланыста болуды тапсырды.

Атап айтқанда, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, құрылыс, кәсіпкерлік, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары бойынша барлық рәсімдерді заңнама талаптарына сәйкес уақтылы ұйымдастыру міндеттелді.

Мұрат Ергешбаев өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

– Мемлекет басшысы елімізге инвестиция тартуды экономикалық саясаттың басым бағыты ретінде айқындады. Сондықтан біз әрбір инвестордың ұсынысына жауапкершілікпен қарап, жаңа өндірістер мен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Бұл бастама Қызылорда қаласының сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді. Барлық жауапты органдар жобаны белгіленген мерзімде әрі сапалы іске асыру үшін үйлесімді жұмыс жүргізуі қажет, – деді облыс әкімі.

Жалпы, Қызылорда облысында соңғы жылдары инвестициялық жобаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту, индустриялық аймақтарды кеңейту, жаңа өндірістер ашу және халықаралық әріптестікті нығайту нәтижесінде өңірдің инвестициялық белсенділігі артып келеді.

Қалада бой көтеретін заманауи сауда-ойын-сауық орталығы өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды жобалардың бірі болмақ. Жоба жүзеге асқаннан кейін Қызылорда қаласының сәулеттік келбеті жаңарып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін халықаралық талаптарға сай жаңа қоғамдық кеңістік қалыптасады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі