Облыс әкімі белгілі жырау, фольклортанушы ғалым Алмасбек Алматовпен кездесті
Облыс әкімі белгілі жырау, фольклортанушы ғалым Алмасбек Алматовпен кездесті
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, белгілі жырау, фольклортанушы ғалым Алмасбек Алматовпен кездесті. Кездесуде Сыр өңірінің ғасырлар қойнауынан жеткен жыраулық-жыршылық дәстүрін сақтау, дамыту және кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиынға мәдениет және архив ісі саласының өкілдері, зиялы қауым мүшелері, өнер зерттеушілері мен дәстүрлі өнер жанашырлары қатысты. Басқосуда қазақтың жыраулық өнерінің тарихи маңызы, ұлттық мәдениеттің дамуындағы орны және жастарды ұлттық өнерге баулу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сыр өңірі қазақ руханиятының алтын бесігі саналатынын атап өтіп, бұл өлкеде
қалыптасқан жыраулық мектептердің ұлттық мәдениет тарихындағы орны ерекше екенін айтты.
– Сыр бойы ежелден жыр мен терменің, дәстүрлі өнер мен рухани құндылықтардың ордасы болып келеді. Халқымыздың тарихи жады мен ұлттық дүниетанымын сақтап келген жыраулық өнердің бүгінгі күнге жетуінде Сіз секілді тұлғалардың еңбегі өлшеусіз. Сіз тек орындаушы ғана емес, жыраулық дәстүрді ғылыми тұрғыдан зерттеп, оны кәсіби білім беру жүйесіне енгізген ғалым әрі ұстаз ретінде ұлттық мәдениетіміздің дамуына зор үлес қостыңыз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Кездесу барысында Алмасбек Алматовтың қазақтың дәстүрлі өнерін зерттеу және дамыту жолындағы көпжылдық еңбегі ерекше аталып өтті. Ол жыраулық дәстүрді ғылыми жүйеге түсіріп, ұлттық өнердің кәсіби білім беру саласында орнығуына ықпал еткен белгілі ғалымдардың бірі саналады.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда дәстүрлі өнерді жаңғырту бағытында маңызды қадамдар жасалды. Соның нәтижесінде жыраулық өнер алғаш рет жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізіліп, «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы ашылды.
Бұл бастама қазақтың көне өнерін кәсіби деңгейде оқытуға мүмкіндік беріп, ұлттық өнердің жаңа буын өкілдерін қалыптастыруға жол ашты.
Алмасбек Алматов осы бағыттағы жұмыстардың басында болып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Оның тәлімін алған өнерпаздар бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп, Сыр мектебінің дәстүрін жалғастырып келеді.
Ғалым ұстаз тәрбиелеген шәкірттер республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанып, жыраулық өнердің беделін көтеруге елеулі үлес қосуда.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында айтқан пікіріне ерекше тоқталынды.
Президент өз сөзінде: «Жалпы, “Сыр елі – жыр елі” деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі», – деп атап өткен болатын.
Бұл пікір Сыр өңіріндегі жыраулық өнердің тарихи маңызын және оның ұлттық мәдениеттегі орнын айқын көрсетеді.
Шынында да, Сыр бойында қалыптасқан жыраулық мектептер қазақ халқының рухани мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады. Қорқыт атадан бастау алатын бұл өнер ғасырлар бойы ұлттың дүниетанымын, тарихын және мәдени құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.
Кездесуде Сыр жыраулық мектебінің ерекшеліктері туралы да сөз қозғалды.
Жыраулар тек өнер иесі ғана емес, халықтың рухани көшбасшысы болған. Олар елдің тарихи жадын сақтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеген. Жыр арқылы халықтың арман-мұратын, өмірлік ұстанымдарын және адамгершілік қағидаларын насихаттаған.
Сыр өңірінің мақам-саз ерекшеліктері мен орындаушылық дәстүрі қазақ мәдениетінің қайталанбас құндылығы ретінде бағаланады.
Алмасбек Алматов осы ерекшеліктерді зерттеп, ғылыми еңбектерінде жүйелеп, кейінгі буынға жеткізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарды.
Кездесуде оның халықаралық деңгейдегі мәдени байланыстарды дамытудағы еңбегі де жоғары бағаланды.
Ғалым-жырау АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Египет, Моңғолия және басқа да көптеген мемлекеттерде өнер көрсетіп, қазақтың дәстүрлі өнерін әлем жұртшылығына танытты.
Оның концерттері мен ғылыми дәрістері шетелдік аудиторияның қызығушылығын тудырып, ұлттық мәдениетіміздің халықаралық деңгейде насихатталуына ықпал етті.
Алмасбек Алматовтың орындауындағы жырлар мен термелер көптеген халықаралық мәдени форумдарда жоғары бағаланып, қазақ өнерінің беделін арттырды.
Кездесу барысында қазіргі таңда дәстүрлі өнер саласында мамандар даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде кәсіби жыршы-жыраулар даярланып келеді.
Бұл оқу орындары ұлттық өнердің сабақтастығын қамтамасыз етіп, жас таланттардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беруде.
Аталған білім ордаларында білім алып жүрген студенттер республикалық және халықаралық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Кездесуде жастардың дәстүрлі өнерге қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Облыс әкімі ұлттық өнерді насихаттау ісіне жаңа технологияларды тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
– Қазіргі заманда жастардың қызығушылығын арттыру үшін дәстүрлі өнерді жаңа форматта дәріптеу маңызды. Цифрлық платформалар, әлеуметтік желілер және заманауи медиа мүмкіндіктері ұлттық мұрамызды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Біз бұл бағыттағы бастамаларды жан-жақты қолдаймыз, – деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында өңірде мәдениет саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Өнер ұжымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жаңа мәдениет нысандары пайдалануға берілді.
Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы орталығы», тарихи-өлкетану музейі және басқа да мәдени нысандар халық игілігіне қызмет көрсетуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа драма театр мен Президенттік кітапхананың құрылысы жүргізілуде.
Бұл нысандар өңірдің рухани өміріне жаңа серпін беріп, мәдениеттің дамуына тың мүмкіндіктер ашады.
Айта кетейік, өткен жылы Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» Алмасбек Алматовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жыр керуен» атты шығармашылық кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Аталған кешке еліміздің әр өңірінен келген өнер қайраткерлері, ғалымдар мен жыр сүйер қауым қатысты.
Мерейтойлық шарада облыс басшылығы атынан жырауға құрмет көрсетіліп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен автокөлік кілті табысталған болатын.
Бұл – ұлттық өнердің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаға көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Кездесуде жас зерттеушілер мен докторанттарды қолдау мәселесі де сөз болды.
Бүгінде Анкара музыка және көркем өнер университетінің «Дәстүрлі өнер» мамандығы бойынша білім алып жүрген докторанты Малика Алдамжароваға, сондай-ақ Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер: дәстүрлі жыр» білім беру бағдарламасының докторанттары Күнсұлу Түрікпен мен Ақерке Дабыловаға ай сайын 300 мың теңге көлемінде арнайы стипендия тағайындалған.
Бұл қолдау шаралары жас ғалымдардың ғылыми ізденістеріне серпін беріп, дәстүрлі өнер саласындағы зерттеулердің дамуына ықпал етуде.
Жиын соңында облыс әкімі Алмасбек Алматовқа ұлттық өнерді дамытуға, қазақ мәдениетін әлемдік деңгейде танытуға және жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Алмасбек Алматов Сыр өңірінде мәдениет пен руханият саласына көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғысын айтып, ұлттық өнерді сақтау мен дамыту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесу ұлттық мұраны ұлықтау, жыраулық өнердің болашағын айқындау және рухани құндылықтарды жас ұрпақ санасына сіңіру жолындағы маңызды басқосу болды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







