ҚАРМАҚШЫДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДАҒЫ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
ҚАРМАҚШЫДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДАҒЫ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
Бүгінде елді мекендердің тазалығы мен көркеюі – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудың басты міндеттерінің бірі. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қармақшы ауданында санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес бүгін аудан әкімі аппаратының басшысы Ермек Сәтбаев Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Жаңажол, Иіркөл және Төребай би ауылдық округтеріне арнайы барып, елді мекендерде атқарылып жатқан тазалық және абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Жұмыс сапары барысында ауылдық округтердің санитарлық жағдайы, қоғамдық орындардың тазалығы және әлеуметтік нысандардың күтімі бақылауға алынды. Атап айтқанда, мектеп аумақтарының тазалығы, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарының жағдайы, саябақтар мен демалыс орындарының санитарлық ахуалы зерделенді.
Сонымен қатар, көше бойларының тазалығы, арық-атыздардың жағдайы, жол жиектерінің ретке келтірілуі және
көгалдандыру жұмыстарының орындалу барысы да назардан тыс қалған жоқ. Елді мекендердің көркін арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән берілді.
Аралау барысында Ермек Сәтбайұлы тазалық жұмыстарына белсенді қатысып жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, туған жердің тазалығы мен көркеюіне бейжай қарамай, ортақ іске атсалысып жүрген тұрғындардың еңбегін жоғары бағалады.
– Тазалық – баршамызға ортақ жауапкершілік. Туған жердің көркеюі мен санитарлық жағдайының жақсаруы әрбір тұрғынның белсенділігіне байланысты. Осындай игі іске атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді аудан әкімі аппаратының басшысы.
Жұмыс барысында балалар мен тұрғындарға арналған нысандардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Балалар ойын алаңдарының техникалық жағдайы, спорт алаңдарының тазалығы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілді. Сонымен қатар, қоғамдық орындардағы тазалықты тұрақты сақтау және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігі айтылды.
Анықталған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді. Әсіресе, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, қоқыстарды уақытылы шығару және тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелеріне басымдық беру қажеттігі атап өтілді.
Бүгінде аудан көлемінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Елді мекендерде сенбіліктер ұйымдастырылып, көше бойлары, әлеуметтік нысандар аумағы, саябақтар мен скверлер тазартылып, жасыл желектер күтімге алынуда. Мұндай жұмыстар ауданның көркеюіне ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да оң әсерін тигізуде.
Сонымен қатар, акция аясында жастар мен еріктілердің белсенділігі артып келеді. Олар қоғамдық орындарды тазалау, ағаш отырғызу және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шараларға тұрақты түрде қатысуда. Бұл – жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, табиғатты аялауға тәрбиелеудің маңызды қадамы.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Аудан көлеміндегі санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді көркейту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла береді.
Таза орта – денсаулық кепілі. Сондықтан әрбір тұрғынды қоршаған орта тазалығына жауапкершілікпен қарап, туған жердің көркеюіне үлес қосуға шақырамыз.
Туған жердің тазалығы – баршамызға ортақ міндет!
@Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі







