Кіші Аралдың тағдыры не болмақ?

1 366

Аралдың тағдыры күннен-күнге жұртшылықты алаңдатуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Азаттыққа сілтеме жасап.


Тырбық бұта ғана өскен елсіз, сусыз ен дала. Ми қайнататындай ыстық. Кезінде теңіз табаны болған даланың тұзды шаңы көлік терезесін ашуға еш мүмкіндік бермейді. Тек теңізге жақындаған кезде ғана салқын леп сезіліп, тынысың кеңіп сала береді.


Арал қаласынан таңда шыққан көлік Көкарал бөгетіне түс әлетінде жетті. Одан әрі жолсыз даламен 20 шақырымдай жүріп, Кіші Аралдың жағалауындағы балықшылар қосын бетке алдық.


Табиғатты пайдаланушылар Кіші Аралдан балық аулау үшін 18 учаскені жалға алған. Азаттық тілшісі барған "жетінші учаске" соның бірі. Таңғы салқынмен теңізден ау суырып, балықты учаске иесіне өткізіп тастаған балықшылардың қолы бос екен.


Көз шырымын алып жатқандарды мазаламай, қостың көлеңкесінде таңғы олжаны талқылап отырған балықшыларды сөзге тарттық.


Бұлардың бәрі "жетінші учаскеден" 130 шақырым қашықта орналасқан Шөмішкөл дейтін шағын ауылдың тұрғындары.


51 жастағы Әбілбай Әбілдаев – он баланың әкесі. Тоғыз қызы мен жалғыз ұлын Аралдың балығымен өсіргенін айтады.


– Балық аулау – ата кәсібім. Құдай денсаулық берсе, балықтан қол үзгім келмейді. Жасы елуден асқан адамға басқа жұмыстың реті де бола қоймас, – деді жағалаудан алыстап бара жатқан көк теңізге көз тіге отырып сөйлеген балықшы.


Әбілбайдың жалғыз ұлы балықшы болуды қаламапты. Әкесі оны сөкпейді. Өйткені, кейінгі жылдары Сырдариядан келетін су азайып, теңіз суының тұздылығы артқан, балық қоры да, Арал балықшыларының табысы да кеміген.


 Теңізге дариядан су келмей, балық азайып кетті. Табысымыз 50-70 пайыз кеміді. Қазір жағдай мәз емес... Теңізге су керек. Су болса, балық та көбейер еді. Бұйырғанын алып жүрміз ғой. Бірақ кейде шығынымыз да ақталмай, балықшы қосында ұзағырақ жатып қаламыз. Биыл көктемде мүлде балық болған жоқ, – деді Әбілбай Әбілдаев.


Теңіз жағалауындағы қоста 10-15 күндеп жататын балықшылар тұрғылықты жерінен өзімен бірге ау-құралын, қайық моторына құятын май, азық-түлігін ала келеді. Кіші Аралда балық азайғалы табысы кеміген балықшылар кейінгі уақытта керек-жарағын қарызға алатын болған. Балық аулап тапқан табыстан қарызды қайтарады, бала-шағаны да асырау керек. Сол себепті Арал балықшылары айлап-апталап үй көрмейтін болған.


Балықшылардың сөзінше, әр қайық күніне 20, кейде 30 келі балық аулайды. Теңізден ауға түскен олжа қайықтағы екі адамға тең бөлінеді. Табиғатты пайдаланушы кәсіпкер күнделікті таңертең балықшылардан ауланған балықты сатып алып, балық зауытына жеткізеді.


Арал балықшылары қазір тортаны – 200 теңге, мөңкені – 500, тістінің (көксерке) келісін 1300 теңгеден өткізеді. Бірақ бұл жыл он екі ай бойы өзгермейтін тұрақты баға емес. Сұранысқа қарай балық бағасы кейде түсіп, кейде сәл көтеріліп, құбылып тұрады.


2005 жылы Көкарал бөгеті салынып, Кіші Аралға су келгелі бері балықшымын. Бастапқыда теңіздің суы ащылау еді. Балықтың бәрі дарияның құяр сағасында болды. Әдепкіде сол жерден ауладық. Су келгесін теңіз біртіндеп тұщып, балық көбейіп, сонау Ақбасты жаққа дейін барып жүрдік. Кейінгі екі-үш жылда теңізге су келмей қалды да, балық қайтадан азайып кетті. Бұрын бір қайық күніне 100 келі балық аулайтын еді, қазір 20-30 келіден аспайды. Кейде тіпті судан құр қол шығамыз, – дейді балықшы Мұқанғазы Ибаев.


Түс ауа балықшылар ау құруға дайындала бастады. Алдымен балықшылар қосындағы тор көз сүзгі ескі мотоциклге тиелді. Мотоцикл мінген адам оны су жиегіне дейін жеткізіп берді. Ау арқалап, жиекке жаяу жету оңай емес. Өйткені кейінгі бір жылдың өзінде теңіз бұрынғы орнынан бір жарым шақырымдай алыстап кеткен.


Балықшы Мұқанғазы Ибаевтың жас серігі Асхат "елу бестік" ауды (тор көзі 55 мм – ред.) қайыққа тиеді. Балықшылар дәстүрімен "Майлансын!" деп тілек айттым. "Айтқаның келсін!" деп жауап қатты балықшылар.


Балықшы бейнеті қайыққа ау тиеумен шектелмеді. Қайықты су салғаннан кейін жағадан 500-600 метр қашыққа дейін итеріп бару керек. Себебі моторлы қайық таяз жерде қайырлап қалады.


 Жиектен 1,5-2 шақырымдай ұзап кеттік. Бірақ әлі де моторды көтеріп айдап келеміз. Мына жер тым таяз. Әрі кетсе жарты метрдей ғана су бар. Осыдан 20-30 шақырымдай жерге барып, ау төгеміз. Кешке таман ораламыз. Осы аралықта мына қырық деген мотормен (Yamaha 40 XWTL – ред.) 50 литр май жағамыз. Құр қол қайтып, ең болмағанда жанармайдың ақшасын ақтай алмай қалатын кездеріміз де болады, – дейді балықшы Мұқанғазы Ибаев.



Балық шаруашылығының жай-жапсарын білетін адамдардың сөзіне қарағанда, табысы азайған соң Аралда ата кәсібін тастап, өзге өңірлерден жұмыс іздеп кететіндер көбейген. Жағалауда қалған көп қайық соның дәлелі іспетті.


"Теңізде балық азайған, жұрт өзге жақтан жұмыс іздеп, вахтаға кетіп жатыр, жазда құрылысқа барып жалданады. Мына жатқан қайықтың бәрі солардікі" дейді балықпен айналысатын кәсіпкер Жеткерген Ақмырзаев.


Балық азайғасын жұрт өзге жақтан жұмыс іздеп, вахтаға кетіп жатыр, жаздыгүні құрылысқа барып жалданады. Мына жатқан қайықтың бәрі солардікі. Сатқан жағдайда да бұл қайықтарды кім алады? Ешкім де алмайды. Мұндағылардың бәрі өзіндей балықшы ғой. Бір жағынан, теңіз қайтады, су келеді деп, үміт үзгісі келмейтін шығар. Айналып келгенде бәрі суға келіп тіреледі ғой. Су келсе, жағдай жақсарар еді. Бұрын "тоғыз очкоға" (Көкарал бөгеті – ред.) су мол келген жылдары Кіші Аралдан ауысқан су өлі теңізге – Үлкен Аралға қарай кететін. Сол жылдары мына қайықтың бірі де бұлай жатпайтын. Бәрі суда тіршілігін жасап, халықтың күнкөрісі жақсы болатын, – дейді балық шаруашылығымен айналысатын аралдық кәсіпкер Жеткерген Ақмырзаев.


Арал қаласы мен оның маңайындағы 15 елді мекеннің тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз байланысты. Соның бірі – Аралдан 170 шақырым жердегі Сырдарияның теңізге құяр сағасында орналасқан Қарашалаң ауылы.


Қарашалаңда жергілікті жұрт "тоқал там" деп атайтын, қамыстан тұрғызылған, сырты лай балшықпен сыланған, шатыры жоқ үйлер әлі де бар. "Бұрын балықшылар осындай үйде тұрған. Кейін Көкарал бөгеті салынып, теңізге су келді де балықшы ауылдардың тұрмысы түзеле бастады" дейді жергілікті адамдар.


Үлкен де кең үй – дәстүрлі қазақ ауылдарындағы тәуір тұрмыстың нышаны. Қарашалаңда да кейінгі жылдары салынған шатыры қызылды-жасылды үлкен үйлер аз емес. Шалғайдағы ауылдан коттедж тұрғызғандар да бар. Қарашалаң халқы балық шаруашылығымен қатар малмен де айналысады. Бірақ бәрібір көптің тілеуі теңіздің үстінде. Жергілікті халық үшін теңіз ең алдымен асыраушы, тіршілік көзі іспетті.


Наурыз айынан бері теңізге дариядан су келіп жатқан жоқ. Қарашалаңда тұратын 124 отбасының уайымы – осы. Ауылымызда 70-80 балықшы бар. Яғни, бір ауылдағы жүз шақты шаңырақтың тұрмысы теңізбен тығыз байланысты, – дейді Қарашалаң тұрғыны Оразбай Оспанов.


Ал мамандарды жыл сайын су жүйесіне техногендік жүктеме көбейіп, теңіздегі биологиялық ресурстардың күрт азая бастағаны мазалайды.


Жергілікті ихтиолог, балық шаруашылығы саласының тәжірбиелі маманы Зауалхан Ермаханов Кіші Аралдың (Солтүстік Арал теңізі деп те айтылады – ред.) өлі теңізге айналу қаупі бар деп алаңдайды. Өйткені, Сырдариядан келетін су азайғалы теңіздің тұздылығы артып кеткен. Қазір теңіз суының әр литріндегі тұз мөлшері – 13 грамм. Суының тұздылығы 16 грамнан асқан жағдайда теңіздегі балық қырыла бастайды.


Аралдың байырғы балықтары судың орташа тұздылығы 10 грамм болған кезде уылдырық шашып көбейетін. Егер теңіз суының әр литрінде 10 грамнан артық тұз болса, байырғы балықтардың уылдырық шашуы қиындайды. Тіпті уылдырық шашқан күннің өзінде ол балыққа айналмай жатып қырылады. Кейінгі кезде соны байқап отырмыз. Дәл қазір теңіз суының тұздылығы 13 грамм болып тұр. Балықшылардың табысымыз азайды, балық жоқ деп мұңаятыны да содан. Дариядан су келмегендіктен Кіші Аралдың 30 процент аумағында байырғы балықтар тіршілік қыла алмайтындай жағдайға жетті, – дейді Зауалхан.


Мемлекет Кіші Арал мәселесін шешуді шұғыл қолға алмаса, табиғат пен адамзатқа орны толмас залал келеді деп ескертеді маман.


Бұрын, Көкарал бөгеті салынғанға дейін, Кіші Аралдың тұздылығы 35 грамм еді. Яғни, мұхиттың тұздылығымен бірдей болатын. Сол қиын-қыстау жылдары Кіші Аралда Азов теңізінен әкелінген камбаладан өзге балық болған жоқ. Жоғарыдағылар жедел шараларды қолға алмаса, Кіші Арал адамзатты асыраушы қабілетін жояды, – дейді Зауалхан Ермаханов.


Ресми мәліеттерге қарағанда, Қызылорда облысына жыл сайын келетін 12 текше шақырым судың үш текше шақырымы ғана Кіші Аралға құйылады екен. Ихтиолог Ермаханов құжатта бар судың теңізге құйылып жатқанына күмән келтіреді. Өйткені, биыл теңіз алып жатқан аумақтың 30 пайызында Аралдың байырғы балықтары өмір сүре алмайтындай жағдай қалыптасқан. Яғни судың аздығынан теңіз қатты тұзданып кеткен.


Зауалхан Ермахановтың пікірінше, Қазақстан дария суын тиімді пайдаланып отырған жоқ. Оның есебі бойынша, жылына 6 текше шақырым су құйылған жағдайда ғана Кіші Арал 5-6 жылдан соң бұрынғы қалпына келеді.


Сырдарияның жағасында Көксарай бөгені бар. Мақсаты – су көп кезде қор жинап, жазда Қызылорда облысына су жіберу. Қазір қарасаңыз, Көксарайда су бар. Балық өсіп жатыр. Олай болмауы керек. Су төменге қарай жіберілуі тиіс. Көксарай су тоспасының басқа маңызы жоқ. Шардара су бөгенінің де мақсаты балық шаруашылығы емес [ол су мол болған жылдары егін алқаптарын ылғалдандыруға қор жасап алу үшін салынған]. Сондықтан Көксарайдағы суды дарияға, Шардарадағы суды өлі көкжиекке дейін жіберу керек. Кіші Аралды сақтап қалудың бір жолы осы, – дейді Зауалхан Ермаханов.


1960 жылдардан бастап Арал теңізінде су деңгейі жылдам түсе бастаған. Себебі Аралға құятын негізгі екі өзен – Әмудария мен Сырдария суымен жағалаудағы бірнеше мемлекет егістік алқабын суарып, оның аяғы экологиялық апатқа ұрындырды. Ақыр соңында теңіз Кіші (Солтүстік) Арал және Үлкен Арал болып бөлініп кетті. Қазір Үлкен Арал – өлі теңіз. Мамандар Кіші Арал да Үлкен Аралдың кебін киюі мүмкін деп алаңдайды.


Апаттың алдын алу үшін теңізге дариядан келетін судың көлемін көбейту керек. Сырдария – суын төрт мемлекет пайдаланып отырған өзен. Төрт мемлекеттегі халық саны, суға деген қажеттілік жыл сайын өсіп келеді. Біздің білуімізше, Қызылорда облысына келетін дария суының тым болмаса 50 пайызы да теңізге жетпей отыр. Оның себебі – ысырапшылдық. Бізде суға нақты мән беріп, есеп жүргізіп, "суымыз қайда кетіп жатыр" деп жанашырлық танытатындар аз. Мысалы, Өзбекстан су есептегіш құрал орнатқан. Су жүретін жолдар толық бетондалған. Ысырапқа жол берілмейді. Ал бізде олай емес. Бақылау жағы нашар болғандықтан онсыз да аз су Кіші Аралға жетпей қалып, теңіз жыл өткен сайын тартылған үстіне тартылып барады, – дейді "Арал теңізі" қоғамдық бірлестігінің директоры Айнагүл Баймаханова.


Арал теңізінің тартылуы – адамзат тарихындағы ең сұмдық экологиялық апаттың бірі. Теңізді қалпына келтіруге байланысты алғашқы зерттеулер 1975-1976 жылдары басталған. Сол кезеңде "Әмудария мен Сырдария өзендерінің сағаларын жаңғырту, Солтүстік Арал (Кіші Арал) теңізін қалпына келтіру" жөнінде ғылыми зерттеулер жасалған, Көкаралға екі бөгет салу көзделген.


Қазақстан сол екі бөгеттің бірі – Көкаралдың құрылысын 2005 жылы аяқтады. Одан бері де 18 жыл өтті. Аралды сақтап қалудың екінші кезеңі сол күйі жүзеге асырылған жоқ.


Мамандардың мәліметінше, кейінгі бес жылда теңіз деңгейі 2,5 метр түсіп кеткен. Кезінде Кіші Аралдың көлемі 27 текше километр болса, қазір соның 10 текше километрі қайтып кеткен. Яғни, Кіші Арал суының үштен бірінен астамы жоқ болған.


15 қыркүйекте Тәжікстанда Хлықаралық Аралды құтқару қорына құрылтайшы мемлекеттер басшыларының кеңесі өтті. Онда тартылып бара жатқан теңізді қалпына келтіру, оған құятын өзендер суын үнемдеу мәселесі талқыланды.


Кеңеске қатысқан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ауғанстанда салынып жатқан Куштепа каналы Әмудария суын азайтады деп алаңдаушылық білдірді. Мирзияев Ауғанстан билігінде отырған тәліптермен диалог өткізуді ұсынған. Akorda.kz мәліметінше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аралға құятын екі өзеннің жағдайына, суды тиімсіз пайдалану мәселесіне назар аударған.


Аймақтағы негізгі екі өзен – Сырдария мен Әмудария суының реттелуі тым жоғары. Екеуінің бассейндерінде жалпы көлемі 65 текше километр шамасына жететін 80-нен астам су қоймасы салынған. Бұдан антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жалғасады және әртүрлі әлеуметтік-экологиялық проблемалар ушығады деген болжам бар. Мұның бәрі аймақтың қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіреді, – деген Тоқаев.


Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылғанына биыл 30 жыл толды. Қорға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан мүше. Президенттер саммиті үш жылда бір рет өтеді. Бұл жолғы жиында халықаралық қорда қазір нақты қанша қаражат бары, оның қайда, қалай жұмсалғаны айтылмаған. Бұған дейін сарапшылар Аралды құтқару қорының ақшасы өте аз, өңірдегі су тапшылығын, экология мәселесін шешуге жетпейді деген еді.


Нидерландының Делфт қаласындағы су ғылымы жөніндегі институттың қызметкері, трансшекаралық су ынтымақтастығы және дипломатиясы бойынша кеңесші маман Бота Шәріпова Орталық Азиядағы су мәселелері жыл сайын күрделеніп, саясиланып келеді дейді.


Осы жердегі парадокс – кикілжің, қақтығыс тудырмау мақсатында үкімет өкілдері су мәселелерін мамандармен толыққанды талқыламай, тек жоғары саяси деңгейде, қағаз жүзінде қалдырып, су мәселелерін одан әрі қиындатып жіберді. Халықаралық қор бас органы – атқарушы комитеттің қайда орналасатынын әлі күнге келісе алмай жүр. Сондықтан әр 3-4 жыл сайын келесі мемлекетте жаңа мекеме ретінде ашылады. Келесі жылдың қаңтарында ол Қазақстанда да ашылмақшы. Және осы қорға мүше мемлекеттер қордың жобаларына ақша бөлмейді. Өз жерінде ғана жобаларды іске асырып, соны қорға қосқан біздің үлесіміз деп айтады, – дейді маман.


Шәріпова халықаралық Аралды құтқару қоры құрылғанда өте көп адам үміт артқанын, бірақ оның қазіргі күйінде сәтті де тиімді жұмыс атқаратыны өте күмәнді екенін айтады.

Бірінші себебі, барлық мемлекеттерден ең жоғары саяси деңгейде қолдау болғанымен, суды қалай тиімді үлестіруге болатынын су мамандары және басқа да сарапшылар бірге отырып талқылмайды. Меніңше, шешімге келу үшін барлық мемлекеттердің су-энергетика, қоршаған орта, экономика мамандары жиналып, бірге күрделі әрі ұзақ талқылау арқылы компромисске келсе, сонда ғана су және энергетика, тіпті аймақтың бірден-бір біріктіруші факторы да бола алады. Қазіргі кезде мемлекеттердің бір-бірін тыңдауы шамалы. Әр мемлекет тек өз позициясын, ұсыныстарын айтып, бір-бірін қолдамайды. Су және климат жыл сайын өзгеріп тұрады. Климаттың өзгеруі салдарынан тасқын да, құрғақшылық та болады. Сондықтан су туралы диалог пен ынтымақтастық тұрақты келіссөздерді қажет етеді. Орталық Азиядағы су мәселесін тез және оңай шешетін жол жоқ, – дейді Бота Шәріпова.