Жалағашта орман шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтті

1 461

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіБүгін аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай сала ардагерлері мен қызметкерлерін арнайы қабылдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Салтанатты жиын табиғатты қорғау және орман байлығын сақтау ісіне сүбелі үлес қосып жүрген еңбек майталмандарының еңбегін дәріптеуге арналды.

Табиғатты аялаған ардагерлер мен еңбеккерлер марапатталды

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары орман саласы қызметкерлерінің ел экологиясын сақтаудағы жауапты еңбегін атап өтіп, табиғатқа жанашырлық танытып жүрген сала мамандарына алғысын білдірді.

«Орман шаруашылығы – экологиялық тепе-теңдікті сақтап, табиғат байлығын келер ұрпаққа аман жеткізетін маңызды сала. Осы бағытта аянбай еңбек етіп жүрген барша орман қорғаушылар мен ардагерлерге ризашылығымды білдіремін», – деді Әліби Байнахатов.

Кездесу барысында облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етіліп, табиғатты қорғау ісінде үздік нәтиже көрсеткен бірнеше маман мен ардагерлер марапатталды.

Сала ардагерлері ізгі тілектерін білдірді

Салтанатты жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Өмірзақ Елеусінов, сондай-ақ сала ардагерлері сөз сөйлеп, орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалады.

Олар табиғатты қорғау, орман қорын сақтау және жасыл желекті көбейту бағытындағы жұмыстардың қоғам өміріндегі маңыздылығына тоқталып, еңбек етіп жүрген жас мамандарға табыс пен сәттілік тіледі.