ЖАЛАҒАШТА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖӘНЕ АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
ЖАЛАҒАШТА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖӘНЕ АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті. Жиынның күн тәртібінде өткен 2024–2025 жылғы жылыту маусымының қорытындысы және алдағы 2025–2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері кеңінен қаралды. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, коммуналдық сала мекемелерінің өкілдері қатысты.
Жиын барысында аудан аумағындағы әлеуметтік және бюджеттік мекемелердің жылыту жүйелерінің жай-күйі, бу қазандықтарының техникалық жағдайы, қатты және сұйық отынмен қамтамасыз ету, сондай-ақ алдағы қысқы кезеңге дайындық жұмыстарының барысы жан-жақты талқыланды.
Алдымен өткен жылу беру маусымының қорытындысы туралы тиісті сала басшыларының есептері тыңдалды. Баяндамада аудан бойынша жылыту кезеңі тұрақты режимде өткені, ірі апаттық жағдайлар мен үзілістерге жол берілмегені атап өтілді. Әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен мәдениет үйлері жылу жүйесімен толық қамтамасыз етіліп, маусым барысында тұрақты бақылау жүргізілген.
Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, алдағы жылыту маусымына дайындықты қазірден бастап күшейту қажеттігін ескертті.
– Қыстың қамын жаз ойлау керек. Бұл – тек сөз емес, нақты әрекет. Барлық әлеуметтік және бюджеттік мекемелер бу
қазандықтарының жағдайын толық тексеріп, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюы қажет. Алдағы жылыту маусымында ешқандай қиындық болмауы тиіс, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар аудан аумағын қатты отынмен және сұйық отынмен қамтамасыз ету мәселесі де егжей-тегжейлі қаралды. Жауапты сала өкілдерінің мәліметіне сәйкес, 2025–2026 жылдардағы жылу беру маусымына аудан бойынша қатты отынға қажеттілік 9300 тоннаны, ал сұйық отынға қажеттілік 1708 тоннаны құрайды.
Осыған байланысты алдын ала жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 11 400 тонна қатты отын жеткізіліп, жоспар 116,3 пайызға орындалған. Бұл көрсеткіш алдағы қысқы маусымға жеткілікті қор қалыптасқанын білдіреді.
Алайда аудан әкімі отын қорын қалыптастырумен қатар оны уақтылы және әділ тарату, ауылдық елді мекендерге жеткізу логистикасын жүйелеу қажеттігін атап өтті.
– Отын мәселесі – ең маңызды әлеуметтік бағыттардың бірі. Сондықтан оны алдын ала жоспарлап, тұрғындарға уақытылы жеткізу керек. Бұл бағыттағы жұмысты бақылаусыз қалдыруға болмайды, – деді аудан әкімі.
Мәжілісте сондай-ақ әлеуметтік нысандардағы бу қазандықтарын жаңарту, жөндеу және техникалық қызмет көрсету мәселелері қаралды. Аудан басшысы барлық мекемелерге түгендеу жұмыстарын жүргізіп, ескірген қазандықтарды кезең-кезеңімен жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар энергия үнемдеу және тиімді пайдалану бағытындағы шараларды күшейту қажеттігі де айтылды. Коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуі – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор екені атап өтілді.
Жиында елді мекендерді табиғи газ желісіне қосу мәселесі де күн тәртібіне шығарылды. Аудан аумағында газдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мақсатында Бұқарбай батыр, Қаракеткен және Далдабай ауылдары бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылғаны айтылды.
Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
– Газдандыру – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратын ең маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Сондықтан бұл жұмыстарды созбай, нақты нәтижеге бағыттау қажет, – деді Ардақ Ибраимов.
Сонымен қатар жобалардың сапалы әзірленуі, қаржы көздерінің нақты айқындалуы және мердігер мекемелердің жауапкершілігі қатаң бақылауда болуы керектігі ескертілді.
Мәжіліс барысында кент және ауылдық округ әкімдеріне қысқы маусымға дайындықты өз деңгейінде жүргізу, әлеуметтік нысандардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Аудан әкімі барлық жауапты мекемелердің жұмысы жүйелі әрі үйлесімді болуы керектігін атап өтіп, әрбір тапсырманың орындалуы жеке бақылауда болатынын ескертті.
– Жылу беру маусымына дайындық – жауапкершілігі жоғары жұмыс. Бұл бағытта әрбір сала нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс. Ешқандай салғырттыққа жол берілмейді, – деді аудан басшысы.
Мәжіліс қорытындысында барлық қаралған мәселелер бойынша хаттамалық тапсырмалар бекітіліп, орындалу мерзімдері белгіленді. Тиісті сала басшыларына жұмысты күшейту және тұрақты есеп беру міндеттелді.
Жалпы, бұл жиын алдағы жылыту маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз етуге, тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтуға және ауданның коммуналдық инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды басқосу болды.







