АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ИСПАНИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірі делегациясының жұмыс сапары Испанияның Барселона қаласында жалғасты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс компанияларының басшылары, кәсіпкерлер бар.
Бұл елге сапардың да негізгі мақсаты – аймақтың агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына инвестиция тарту.
Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мусаевпен кездесті. Онда Қызылорда облысы мен Испания арасында ынтымақтастық орнатудың мәселелері талқыланды.
Кездесуде Данат Мусаев екі ел арасындағы байланысты күшейтуде жемісті жұмыстар жалғасатынын айтты.
Кейінгі 3 жылда облыста құны 30 млрд. теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске қосылды. Жуырда 16 млрд 600 млн теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Инвестор 215 млрд. теңгеге жаңа жобаның құрылысын жүргізуде. Жалпы құны 28 млрд. теңге болатын «жасыл» энергия саласын дамыту бағытындағы екі жоба бар. Атап айтқанда, 50 мегаваттық жел-электр («Уранус Уинд» ЖШС) және 40 мегаваттық күн-электр станцияларының («Тесис» ЖШС) құрылысы қазан айында басталды.
Сондай-ақ, былтырғы Оңтүстік Корея сапарының нәтижесінде биыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект институты ашылды.
Айта кетейік, аймақ басшысы сапар барысында өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық, құрылыс салаларына инвестиция тарту мақсатында “DLQ International Consulting, S.L.”, тағы басқа компаниялардың басшыларымен кездеседі.