ШИЕЛІ АУДАН ӘКІМІ АЙТБАЙ ЖАНДАРБЕКОВ ТАЛАПТАН, БӘЙГЕҚҰМ ЖӘНЕ ЖӨЛЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

1 507

ШИЕЛІ АУДАН ӘКІМІ АЙТБАЙ ЖАНДАРБЕКОВ ТАЛАПТАН, БӘЙГЕҚҰМ ЖӘНЕ ЖӨЛЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков І жартыжылдық қорытындысы бойынша Талаптан, Бәйгеқұм және Жөлек ауылдық округтерінің тұрғындарымен есептік кездесулер өткізді. Кездесулер халықпен ашық форматта өтіп, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

Аптаның жұма күні ұйымдастырылған бұл кездесулерде аудан әкімі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ауылдарды абаттандыру және әлеуметтік нысандарды дамыту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Аудан әкімі өз сөзінде әр ауылдың даму қарқыны әртүрлі болғанымен, ортақ мақсат – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру екенін ерекше атап өтті.

– Мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп отыр. Біздің міндетіміз – сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, әрбір елді мекенде нақты нәтижеге қол жеткізу. Ауыл тұрғындарының өтініштері назардан тыс қалмайды, – деді Айтбай Жандарбеков.

ТАЛАПТАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

Талаптан ауылдық округінде жыл басынан бері бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 17 жұмыссыз азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, уақытша табыс табуына мүмкіндік жасалды. Бұл шара ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын тұрақтандыруға бағытталған.

Бүгінде ауылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар тіркелмегені – тұрғындардың тұрмыс деңгейінің біршама жақсарғанын көрсетеді.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты жобалар қолға алынған. М.Кеншімбаев, Талаптан және Назембау көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Б.Палымбетов көшесіндегі электр бағаналарын ауыстыру және қосымша трансформатор орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржыландыруға өтінім берілген.

Ауылдың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыруға арналған 2 гектар аумақ қоршалып, санитарлық талаптарға сәйкес ретке келтірілді. Бұл ауыл тазалығын сақтауға және экологиялық мәдениетті арттыруға ықпал етеді.

БӘЙГЕҚҰМ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

Бәйгеқұм ауылдық округінде ауылішілік каналдар мен арық жүйелері толықтай тазартылып, егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды болып отыр.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Бәйгеқұм ауылының кіреберіс бөлігі абаттандырылып, қоршаулар орнатылып, ағаш көшеттері егілді. Бұл ауыл келбетін жақсартуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыс.

Сонымен қатар, туристік әлеуеті жоғары “Ханқожа” көлін толтыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба өңірдің экологиялық және туризм саласын дамытуға серпін бермек.

Ауылішілік электр желілерін толық жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жаңа жүйелер тұрғындарды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ЖӨЛЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

Жөлек ауылдық округінде де әлеуметтік маңызы бар жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ауылда заманауи спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, бұл жастардың спортпен шұғылдануына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасайды.

Сонымен қатар, жер асты арқылы ауыз су құбырларын тарту жұмыстары қолға алынған. Бұл ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба.

Электр қуатының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында трансформатор мен қосымша генератор сатып алынып, ауылдың энергия жүйесі күшейтілді.

Сондай-ақ, Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі арқылы қоғамдық көлік қатынасын ұйымдастыруға конкурс өткізіліп, жеңімпаз анықталды. Нәтижесінде 18 мамырдан бастап “Шиелі – Жөлек” бағытында тұрақты қоғамдық көлік қатынайтын болады. Бұл ауыл тұрғындарының аудан орталығына қатынауын жеңілдетеді.

ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ

Кездесуге аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов қатысып, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ол интернет-алаяқтық, есірткі қылмыстары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті арттыру мәселелеріне тоқталды.

Прокурор тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдағы тәртіпті нығайтуға шақырды.

ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕРІ БАЙЛАНЫС

Кездесу барысында ауыл тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін еркін ортаға салып, жол, жарық, су, жұмыс орындары және ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді көтерді.

Аудан әкімі әрбір ұсыныс назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, барлық мәселелер кезең-кезеңімен, заң аясында шешілетінін жеткізді.

– Халықпен ашық диалог – біздің басты ұстанымымыз. Әрбір мәселе бақылауда болады. Барлық жұмыс нақты жоспарға сәйкес орындалады, – деді аудан әкімі.

Кездесу соңында аудан басшысы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, әр мәселенің орындалуын қатаң бақылауға алатынын ескертті.

Жалпы алғанда, Талаптан, Бәйгеқұм және Жөлек ауылдық округтерінде атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалар ретінде бағаланды.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі