ШИЕЛІ АУДАНЫНДА БІРЛІК МЕРЕКЕСІ – ЫНТЫМАҚ ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ АТТЫ ШАРА ӨТТІ

1 502

ШИЕЛІ АУДАНЫНДА БІРЛІК МЕРЕКЕСІ – ЫНТЫМАҚ ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ АТТЫ ШАРА ӨТТІ

1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын, қадірлі аудан тұрғындары мен қонақтары!

Берекелі мереке – Бірлік күні Шиелі ауданында биыл ерекше сән-салтанатымен, жоғары деңгейде аталып өтті. «Достық жыры мен бірлік әні» атты тағылымы мол мерекелік іс-шара ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықтың, достық пен сыйластықтың айқын көрінісіне айналды. Аудан жұртшылығы бір алаңға жиналып, бейбіт өмір мен берекелі тіршіліктің қадірін тағы бір мәрте сезінді.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, мерекелік кеште түрлі этнос өкілдері ұлттық мәдениеттерін дәріптеп, салт-дәстүрлерін паш етті. Әсем ән шырқалып, мың бұралған билер биленіп, ұлттық көрмелер ұйымдастырылды. Әр ұлттың өнері мен мәдениеті жарасым тауып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл – еліміздегі татулық пен ынтымақтың, достық пен бауырмалдықтың нақты көрінісі болды.

Мерекелік шара барысында аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков аудан тұрғындарын Бірлік күнімен құттықтап, ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімнің маңызына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлі мен ел бірлігін нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. «Татулық – табылмас бақыт» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Тәуелсіз еліміздің басты байлығы – бейбітшілік пен ауызбіршілік екені тағы бір мәрте айқын сезілді.

Шара барысында аудан өнерпаздары әуелете ән салып, күмбірлеген күй төгілді. Түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық билері көпшілікке ерекше әсер сыйлап, мерекенің сәнін арттыра түсті. Көрермен қауым рухани демалып, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. «Өнерлі ел – өрге жүзер» дегендей, бұл мереке ұлттық құндылықтарды ұлықтаған, ынтымақты арттырған ерекше күн болды.

Осындай тағылымы мол мерекелік шараға өзім де қызыммен бірге қатысып, ерекше әсерге бөлендік. Ел ішіндегі татулық пен достықтың шынайы көрінісін көзбен көру – үлкен қуаныш. Әсіресе балалардың шат күлкісі мен халықтың көтеріңкі көңіл күйі жүрекке жылулық сыйлады. «Көп түкірсе – көл» дегендей, осындай игі бастамалар ел бірлігін нығайтып, ынтымақты арттыра беретіні сөзсіз.

Сонымен қатар, Шиелі ауданы көпбейінді орталық ауруханасының басшысы Еркін Жаңабайұлы бастаған әріптестерімізбен бірге осындай тамаша шараның куәсі болғанымызға ерекше қуаныштымыз. Елдік пен бірлікті дәріптейтін осындай ауқымды мерекелер халықтың рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін нығайта түседі.

Осы орайда ауданымызда мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Атап айтқанда, аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбековке, аудан әкімінің орынбасарлары Болатбек Исмағұлов пен Алмат Алдабергеновке, Шиелі аудандық «Amanat» партиясының төрайымы Жібек Баймұратоваға, аудан депутаты Нұргүл Шалқакееваға, Қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлы Есенбаевқа және барлық ұйымдастырушы мамандарға ризашылығымыз шексіз.

Мұндай мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, елін, жерін сүюге үндейді. Халықтың бірлігі мен татулығын дәріптейтін мерекелер әрдайым жалғасын тауып, еліміздің еңсесін биіктете берсін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз мәңгі болсын!

Қазақ елі тек жақсылықтың жаршысы болып, мерейі асқақтай берсін!

«Ынтымақ бар жерде – ырыс бар!»