Батыс Қазақстан облысында еріген қар суы бірнеше үйді басып қалды

265
Батыс Қазақстан облысында күн күрт жылынып, Бөкейордасы ауданымен байланыстыратын көлік жолын су шайып кетті. Жол су астында қалса да, ауыл тұрғындары оны кешіп жүр. Алыстағы аудан түгілі, облыс орталығы Орал қаласындағы жағдай да мәз емес. Қазір шаһардағы коммуналдық мекемелер көшеге жайылған қар суымен алысып жатыр. Ал тұрғындар салғырт мердігерлердің кесірінен осындай әбігерге түскенін айтады.

Орал қаласы тұрғындарының айтуынша, былтыр жаяу жүргіншілер жолын салған мердігер жаңбыр мен еріген қар суы ағатын құбыр орнатпаған. Осының кесірінен шалшық су енді үйлерге кері ағып жатыр.

Әкімдіктен күдер үзген жергілікті жұрт тізеден су кешіп жүрген видеоларын жаппай әлеуметтік желіге жүктеп жатыр. Олар сапасыз жолдың кесірінен үйімізді су баса ма деп алаңдаулы. 
"Биыл көшеміздегі қарды тазартпады. Әрі асфальт төсегенде суағар да жасаған жоқ. Енді үйден шығудың өзі қиын. Күн тағы жылынса, мына жердің бәрі көл-дарияға айналады. Оған дейін суды азайтып, сорып алып кетсе екен деп тілеп отырмыз", - деді Орал қаласының тұрғыны Бейбіт Кенесарин. 

Телеарна мәліметінше, қаланы судан құтқаруға кіріскен коммуналдық кәсіпорындардың да жұмысы қарбалас. Себебі көлге айналған көшеден адам түгілі, көлік әрең өтіп жатыр.

 "Осы уақытқа дейін екі кезекпен жұмыстанамыз: таңғы сағат сегізден кешкі беске дейін. Екінші кезек - кешкі сағат бестен таңғы сағат сегізге дейін. Осы уақытқа дейін 10 500 куб су тазаланды", - деді "Жайық таза қала" ЖШИ директорының орынбасары Талғат Наушин. 

Су басқан көшелерді құрғатуға қол ұшын созған төтеншеліктер мен жеке компаниялар арнайы техникасын беріпті. Ал синоптиктер наурыз айының соңына дейін күннің жылы болатынын айтуда.