ҚЫЗЫЛОРДАДА “ҚАЙСАР АРЕНА” СТАДИОНЫНДА QJ ЛИГА ОЙЫНДАРЫНЫҢ МЫҢЫНШЫ МАТЧЫ ӨТТІ

1 512

Бүгін Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан “Қайсар Арена” стадионында өңір спорты үшін тарихи мәні бар ерекше спорттық шара өтті. Облыс әкімдігі мен Freedom QJ League бірлесіп ұйымдастырған бұл іс-шара аясында жергілікті “Қайсар” мен қостанайлық “Тобыл” командалары арасында QJ лига ойындарының 1000-шы тарихи матчының салтанатты ашылуы өтті.

Ауқымды спорттық шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Тимур Турлов және Рохус Шох қатысты. Құрметті қонақтар спорт жанкүйерлері мен жас футболшыларды тарихи матчтың басталуымен құттықтап, ойыншыларға сәттілік тіледі.

Іс-шараның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Данияр Еренғалиұлы бұл матчтың тек спорттық бәсеке ғана емес, отандық футболдың дамуына қосылған маңызды үлес екенін атап өтті. Оның айтуынша, QJ лига ойындарының негізгі мақсаты – жасөспірімдер футболын дамыту, кәсіби спортшылардың қатарын көбейту және командалар арасындағы бәсекелестікті арттыру.

– Өңіріміз үшін маңызды “Қайсар” мен “Тобыл” командалары арасындағы QJ лига ойындарының 1000-шы тарихи матчының Қызылорда жерінде өтуі – үлкен мәртебе. Бұл жоба отандық футболдың дамуына тың серпін беріп отыр. Сонымен қатар, жас таланттарды қолдау – біздің басты міндеттеріміздің бірі, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Ол сондай-ақ “Қайсар QJ” командасының 2023 жылы құрылып, қысқа уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жеткенін ерекше атап өтті. Команда жас ойыншыларды тәрбиелеу арқылы қазақ футболының дамуына зор үлес қосып келеді. Бүгінде осы клубтан шыққан талантты ойыншылардың бірі – Дінмұхаммед Рүстемұлы еліміздің жастар және ұлттық құрамаларында өнер көрсетіп жүр.

Шара барысында сөз алған Тимур Турлов пен Рохус Шох QJ лиганың жасөспірімдер футболын дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай жобалар жас спортшыларға кәсіби деңгейге шығуға үлкен мүмкіндік беріп, ұлттық футболдың болашағын қалыптастырады.

Стадиондағы матч жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жанкүйерлерге ерекше спорттық атмосфера сыйлады. Ойын барысында командалар тартысты дода көрсетіп, көрермендерге қызықты сәттер сыйлады.

Тарихи матчтың ашылу салтанаты тек спорттық оқиға ғана емес, сонымен қатар жастарды спортқа баулу мен салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды алаңына айналды.

Шара соңында көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында танымал жас орындаушылар Daricorn және ARО сахнаға шығып, концерттік бағдарлама ұсынды.

Жалпы алғанда, бұл тарихи матч Қызылорда өңірінің спорттық беделін арттырып қана қоймай, жас буынның футболға деген қызығушылығын күшейтуге және отандық спорттың дамуына серпін беретін маңызды оқиға ретінде есте қалды.