Қызылорда облысында Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау жөнінде мәжіліс өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Президент өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарымен, өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларымен, сондай-ақ мәдениет пен спорт саласындағы жаңа нысандармен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Президент сапарын жаңадан пайдалануға берілген «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалынан бастады. Мемлекет басшысына әуе айлағының заманауи мүмкіндіктері таныстырылды.
Жаңа терминалдың өткізу қабілеті жылына 300 мың жолаушыдан 500 мыңға дейін артқан. Мұнда халықаралық стандарттарға сай тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық және кедендік бақылау пункттері, күту залдары және автоматтандырылған жүк беру жүйесі орнатылған. Бұл жобаның іске асуы аймақтың көлік-логистикалық әлеуетін кеңейтіп, инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Өнер орталығында өткен жиында облыстың даму көрсеткіштерімен танысты. Аймақ әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, экологиялық ахуалды жақсарту және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндады.
Жиын барысында бірқатар ірі индустриялық және агроөнеркәсіптік жобалар таныстырылды. Атап айтқанда:
- Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты;
- Fabe Agro жылыжай кешені;
- With You тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кәсіпорны;
- Seven Rivers Technologies шыны ыдыстар өндірісі;
- Roka Group компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық бұйымдар шығару жобасы.
Сондай-ақ шыны кластерін дамыту, бу-газ қондырғысын салу, тау-кен байыту фабрикасы мен кальцийлендірілген сода зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларының іске асырылу жоспары талқыланды.
Мемлекет басшысы 1000 орындық көпфункционалды Өнер орталығында болып, шығармашылық ұжымдардың жұмысымен танысты. 2024 жылы ашылған орталық бүгінде Қызылорданың сәулеттік келбетіне айрықша өң беріп, симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы түрлі іс-шараларды өткізу орталығына айналған.
Осы жерде Президент өңір жұртшылығымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорданың даму қарқынын жоғары бағалап, облыстың әлеуеті зор екенін атап өтті.
Президент сондай-ақ «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясын, «Қызылорда-нан» цехын, жылу-электр орталығын, 11 мың орындық жаңа футбол стадионын, үстел теннисі орталығын және облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап көрді.
Жаңа стадион UEFA-ның IV санат талабына сай салынған. Мұнда халықаралық деңгейдегі футбол матчтарымен қатар, мәдени іс-шаралар да өткізуге болады. Президент «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен кездесіп, клубтың кәсіби дамуына сәттілік тіледі.
Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындау және өңірдің инвестициялық климатын жақсарту бағытындағы шаралар талқыланды.
Аймақ басшысы сапарды жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға және облыстық басқармалар мен мекемелердің қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Қызылорда облысына жасалған бұл сапар – өңірдің жаңа даму кезеңінің бастауы. Президенттің тікелей қолдауының арқасында Сыр елі өндіріс, экология, спорт және мәдениет салаларында ауқымды жобаларды жүзеге асырып, ел экономикасына қосатын үлесін арттыра бермек.







