Қызылордалық диқаншылар өнімсіз қалуы мүмкін
Қызылорда облысы Қармақшы ауданында диқандар мың гектар жерден мүлдем өнім ала алмай қалудан қорқады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Шаруалардың айтуынша, әлдекімдер су өтетін қашыртқы арнаны әдейі бітеп тастаған. Соның кесірінен суда қалған күріш көгеріп, жарамсыз болып қалды.
Ақтөбе ауылының шаруалары қомақты қаржыларынан айырылып, егінсіз қалатындарына наразы.
“Бұл жерде ұйымдасқан қылмыстың ізі бар. Бұл үш-төрт күн бұрын орақ түсетін жер еді. Енді бұл 20-25 күнсіз орақ түспейді. Биыл қыркүйек жаңбырлы болады деп тұр. Егер қазанға ұласса, ешқандай өнім болмайды”, – деді ауыл тұрғыны Қалабек Шабақов.
Бұл мәселені тұрғындар аудан басшыларына бірнеше рет айтып барған. Алайда шенеуніктер шара қабылдамаған. Ал әкімдік өкілдері қашыртқы арнаны көрші ауылдың шаруа қожалық иелері жауып тастағанын растады.
“Коллектор қазір ашылған. Енді уақыт керек. Аудан әкімі біледі. Көрші шаруашылықпен де сөйлестік. Ол жақты да аштыруға жұмыс істедік. Экология департаментінен, жер инспекциядан комиссия келді. Кінәліге қазір тиісті заңды шарасы қолданылып жатыр”, – деп мәлімдеді Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Әсет Омаров.
Бөлім басшысы Ақтөбе ауылының егіншілері 3-4 күнде күрішке орақ салатына сенімді. Бірақ шаруалар мұнымен келіспейді. Олар шығын ақталмаса, жауаптылардың үстінен құзырлы органдарға арыз жазатындарын жеткізді.