ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ АЙМАҚ БАСШЫСЫ УЕФА СТАДИОН ИНСПЕКТОРЫМЕН СПОРТ САЛАСЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША КЕЗДЕСТІ

1 509

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ АЙМАҚ БАСШЫСЫ УЕФА СТАДИОН ИНСПЕКТОРЫМЕН СПОРТ САЛАСЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША КЕЗДЕСТІ

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев УЕФА стадион инспекторы Скотт Струзерстпен кездесу өткізіп, өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту және халықаралық стандарттарға сай спорт нысандарын қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында аймақтағы футболды дамыту, клубтарды жекешелендіру үдерісі және спорттық инфрақұрылымға тартылып жатқан инвестициялар жөнінде кеңінен сөз болды. Аймақ басшысы Мемлекет басшысының Жолдауында спорт саласын, әсіресе футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдету тапсырылғанын атап өтті.

Осы бағытта өңірде алғашқылардың бірі болып Қайсар футбол клубы жеке басқаруға берілгені айтылды. Клубтың жылдық бюджеті Премьер лига командасына, қыздар құрамасына және жасөспірімдер футболына бөлініп, жүйелі түрде қаржыландырылып отыр. Сонымен қатар клубтың жаңа басшылығы тарапынан ұзақ мерзімді даму стратегиясы қолға алынған.

Атап айтқанда, Қайсар футбол клубы базасында заманауи академия құру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жобаға 18 млрд теңге көлемінде инвестиция бағытталған. Жоспарға сәйкес, алғашқы кезеңде оқу-жаттығу базасы мен үш футбол алаңы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал толық кешен 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.

Жаңа академия жыл бойы 300-ге жуық баланың кәсіби футболмен айналысуына мүмкіндік береді. Бұл бастама өңірде бұқаралық спортты дамытуға, жас таланттарды тәрбиелеуге және болашақта кәсіби спортшыларды даярлауға бағытталған.

Аймақ басшысы соңғы жылдары спорт саласына ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті. Соңғы төрт жылда өңір спортының дамуына 92 млрд 693 млн теңге бөлінген. 2022 жылдан бері Қызылорда облысы аумағында 24 жаңа спорт кешені салынып, ел игілігіне берілді.

Биыл жыл соңына дейін тағы 3 спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл нысандар бұқаралық спортты дамытуға және жастардың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, өңірде ауқымды инфрақұрылымдық жоба – Қызылорда Арена спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатқаны айтылды. Жалпы аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын бұл кешенде 25–50 метрлік олимпиадалық бассейн және 2 500 орындық көпфункционалды зал қарастырылған. Нысан халықаралық және құрлықтық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Жобаны биыл аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Бұл кешен өңірдің спорттық әлеуетін арттырып, халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге жол ашады.

Кездесу қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев спорт саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтіп, УЕФА өкіліне өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.