«ӘКІМШІЛІК ӘДІЛЕТ – МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҚОҒАМ АРАСЫНДАҒЫ ДИАЛОГ КЕПІЛІ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

1 506

«ӘКІМШІЛІК ӘДІЛЕТ – МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҚОҒАМ АРАСЫНДАҒЫ ДИАЛОГ КЕПІЛІ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Бүгін Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы әкімшілік соттарының құрылғанына 5 жыл толуына арналған «Әкімшілік әділет – мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалогтың кепілі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Маңызды басқосуға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық сот төрағасы Әділхади Шығамбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, сот жүйесінің ардагерлері, адвокаттар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, заңгер-ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен құқық саласының мамандары қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – Қазақстандағы әкімшілік әділет институтының қалыптасу және даму кезеңдерін саралау, оның құқықтық мемлекет құрудағы маңызын талқылау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты жетілдірудегі рөлін айқындау болды.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев әкімшілік әділет жүйесінің енгізілуі еліміздегі құқықтық реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бес жыл бұрын қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастырып, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етті.

– Әкімшілік әділет жүйесі мемлекеттік органдардың қызметіне жаңа талаптар қойып, олардың азаматтар алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасының артуына, басқарушылық шешімдердің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтардың құқықтарын қорғауда маңызды құралға айналып, сот төрелігінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашты, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілік әділеттің қоғам өміріндегі орны туралы пікіріне тоқталды.

– Мемлекет басшысы: «Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің арта түскенін көрсетті. Әкімшілік әділет рөлі нығайып келеді», – деп атап өткен болатын. Бұл – жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін көрсететін маңызды баға, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Сонымен қатар ол әкімшілік әділет институтының дамуы мемлекеттік органдардың жұмыс мәдениетін түбегейлі өзгерткенін атап өтті. Қазіргі таңда кез келген мемлекеттік шешімнің заң талаптарына сәйкестігіне, оның негізділігі мен әділдігіне ерекше назар аударылуда. Бұл үрдіс азаматтардың құқықтарының сақталуына және мемлекеттік органдар қызметінің ашық болуына оң ықпал етуде.

Аймақ басшысы азаматтардың сотқа деген сенімі құқықтық мемлекеттің басты көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтіп, өңірдегі сот қауымдастығы заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқанын жеткізді.

– Сот жүйесі қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігінің басты кепілі болып табылады. Судьялардың кәсібилігі, заңға адалдығы және әділ шешім қабылдауы азаматтардың мемлекетке деген сенімін қалыптастырады. Осы ретте өңіріміздің сот жүйесі өкілдерінің еңбегі зор. Сіздердің жауапкершіліктеріңіз бен жоғары кәсіби біліктіліктеріңіз еліміздегі құқық үстемдігін нығайтуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да Президентіміздің Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құру жолындағы ортақ жұмысымыз табысты жалғаса беретініне сенімдімін, – деді облыс әкімі.

Конференция барысында облыстық сот төрағасы Әділхади Шығамбаев әкімшілік соттардың бес жылдық қызметінің нәтижелеріне тоқталып, аталған кезеңде сот жүйесінде маңызды өзгерістер жүзеге асқанын айтты. Оның сөзінше, әкімшілік соттар мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы дауларды шешудің тиімді тетігіне айналды.

Жиында облыс прокуроры Ризабек Ожаров әкімшілік әділеттің құқық қорғау саласындағы маңызына тоқталып, азаматтардың құқықтарын қорғаудағы жаңа мүмкіндіктер туралы айтты. Ол мемлекеттік органдардың заң талаптарын сақтауына бақылауды күшейту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында әкімшілік әділеттің рөлі артып келе жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Гүлжан Мырзатаева әкімшілік сот өндірісінің ерекшеліктері мен тәжірибесі туралы баяндама жасап, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық тетіктердің тиімділігіне тоқталды.

Ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Экономика және құқық институтының директоры, PhD докторы Айнұр Исаева әкімшілік әділеттің ғылыми-теориялық негіздері мен оның құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы рөлі жөнінде баяндама жасады. Ғалым әкімшілік әділеттің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудағы және құқықтық мәдениетті арттырудағы маңызы ерекше екенін атап өтті.

Конференцияда айтылған мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жыл ішінде Қызылорда облысының соттарына 6 мыңға жуық әкімшілік талап қою арызы түсіп, олардың 5 мыңнан астамы бойынша тиісті шешім қабылданған. Бұл көрсеткіш азаматтардың өз құқықтарын қорғауда сотқа жүгіну мәдениетінің қалыптасқанын және әкімшілік соттарға деген сенім деңгейінің артқанын көрсетеді.

Мамандардың пікірінше, әкімшілік әділет институтының басты ерекшелігі – азамат пен мемлекеттік орган арасындағы дауда құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Бұрын азаматтардың мемлекеттік органмен дауласып, өз құқықтарын қорғауы күрделі процесс болса, қазіргі таңда әкімшілік соттар азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беретін қағидаттарға сүйенеді. Соның ішінде талап қоюшының дәлелдемелер жинаудағы мүмкіндіктерін кеңейту және соттың белсенді рөл атқаруы секілді жаңашыл тетіктер енгізілген.

Іс-шара барысында мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтерген маңызды бастамалардың бірі – «е-Өтініш» бірыңғай платформасының тиімділігі де кеңінен талқыланды. Аталған цифрлық жүйе азаматтардың өтініштері мен шағымдарын ашық әрі тиімді қарауға мүмкіндік беріп, мемлекеттік органдардың қызметін барынша қолжетімді етуге жол ашты.

Бүгінде «е-Өтініш» платформасы арқылы азаматтар өз мәселелерін қашықтан жолдап, олардың қаралу барысын бақылауға мүмкіндік алған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етуде.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдан бері Қызылорда облысының мемлекеттік органдарына 220 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш тұрғындардың мемлекеттік басқару процесіне белсенді қатысып отырғанын және азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа мәдениеті қалыптасқанын көрсетеді.

Конференция аясында қатысушылар әкімшілік әділеттің одан әрі дамуы, заңнаманы жетілдіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар әкімшілік соттардың жұмыс тәжірибесін жетілдіру, халықаралық тәжірибені енгізу және құқықтық реформаларды жалғастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Жиын соңында әкімшілік әділет институтының елдегі құқықтық мемлекетті нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға қосқан үлесі жоғары бағаланды. Қатысушылар құқық үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы бірлескен жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.

Айта кету керек, әкімшілік соттардың құрылуы еліміздің құқықтық жүйесін жаңғырту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Қысқа мерзім ішінде бұл институт азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігіне айналып, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға ықпал етті. Бүгінде әкімшілік әділет жүйесі мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен тиімді диалогты қамтамасыз ететін маңызды құқықтық институт ретінде өз тиімділігін дәлелдеп отыр.

© Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі