Қызылордада Меркі ауданынан келген делегация аймақтың даму үлгісімен танысты
Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысы, Меркі ауданының делегациясын шаһар шекарасынан Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов өзі қарсы алып, бірқатар әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандармен таныстырдым, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сапардың мақсаты – өңіраралық тәжірибе алмасу, тиімді жобалармен танысып, екіжақты ынтымақтастықты нығайту.
Сапар «Сыр жұлдыздары» академиясынан басталды
Іссапар аясында делегация алдымен «Сыр жұлдыздары» инновациялық-шығармашылық академиясының жұмысымен танысты. Мұнда балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған жобалар, заманауи білім беру әдістері мен интерактивті технологиялар ұсынылды.
Меймандар бұдан кейін «Президент саябағында» жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарын көріп, жаңа демалыс аймағының заманауи келбетіне оң бағаларын берді.
Әлеуметтік нысандар мен мәдени орталықтар таныстырылды
Қала әкімі қонақтарды «Отбасы орталығы», «Достық үйі», сондай-ақ «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылыс алаңына алып барып, жүзеге асырылып жатқан жобалар жайлы кеңінен ақпарат берді. Делегация мүшелері өңірдегі әлеуметтік бағыттағы жобалардың тиімділігіне, жастарға жасалып жатқан жағдайларға ерекше қызығушылық танытты.
Сонымен қатар «Өнер орталығы» және «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы да назардан тыс қалмады. Аталған нысандардағы жаңа сәулеттік шешімдер, жарықтандыру жүйелері мен демалыс инфрақұрылымы меймандар тарапынан жылы пікірлерге ие болды.
Қала инфрақұрылымы мен спорттық нысандар назарда болды
Сапар барысында делегация мүшелері қалалық мәдениет және демалыс паркінің жаңартылған келбетін, тұрғындар үшін жасалған бос уақытты тиімді ұйымдастыру мүмкіндіктерін көрді.
Сонымен қатар Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының кеңейтілуі, 11 мың орындық жаңа стадион құрылысы, жаңа автовокзал, Қан орталығы, және физика-математика бағытындағы лицей-интернат ғимараттары таныстырылды. Қонақтар аталған нысандардың сәулеттік үйлесіміне, құрылыс қарқыны мен функционалдығына жоғары баға берді.
Сыр өңірінің тарихы мен мәдениетіне қанықты
Сапар қорытындысында делегация мүшелері облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, Сыр өңірінің терең тарихы мен бай мәдени мұрасына қанықты. Музей экспозицияларынан өңірдің өткені мен бүгіні жайлы мол мағлұмат алып, тарихи жәдігерлермен танысты.
Сондай-ақ делегацияға «Оқушылар сарайы», «Теннис орталығы», музыкалық колледж, және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысы таныстырылды.
Ауылдық даму тәжірибесімен де танысты
Іссапар аясында меркілік делегация Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында болды. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ауылдың әлеуметтік, экономикалық және мәдени нысандарын таныстырып, жүзеге асқан жобалар жөнінде баяндады. Қонақтар ауылдағы даму қарқыны мен тұрғындардың белсенді бастамаларына оң бағасын берді.
Сапар соңында делегация Нағи Ілиясов ауылына жол тартып, елді мекеннің даму үлгісімен, тұрғындардың табысты жобаларымен және ауыл өміріне енгізілген инновациялық тәсілдермен таныспақ.
Мұндай жұмыс сапарлары өңіраралық байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға, әрі ел ішінде тиімді жобаларды таратуға жол ашатыны сөзсіз.