ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ ЖОБАЛАРЫН КЕҢЕЙТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ ЖОБАЛАРЫН КЕҢЕЙТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
Қызылорда облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Ағымдағы жылдың 10 сәуірінде облыс әкімінің орынбасары А. Зебешев Қытайдың ірі энергетикалық инвесторы – China Huadian Overseas Investment Co., Ltd. компаниясының Орталық Азия бойынша басшысы Фэн Янаньмен кездесу өткізіп, өңірдегі «жасыл» энергетика жобаларын кеңейту мәселесін жан-жақты талқылады.
Аталған компания China Huadian Corporation құрамына кіретін халықаралық деңгейдегі ірі инвесторлардың бірі болып
саналады. Оның негізгі қызмет бағыттарына электр энергетикасы нысандарын салу, оларды пайдалану, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, сондай-ақ салаға заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу жатады. Компанияның әлемнің түрлі елдерінде табысты жүзеге асырылған жобалары бар, бұл оның тәжірибесі мен әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Кездесу барысында Қазақстанның энергетикалық саясатына ерекше назар аударылды. Ел Үкіметі 2030 жылға қарай энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін қазіргі 4,5 пайыздан 15 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл бағытта Қызылорда облысы да белсенді жұмыстар жүргізуде.
Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы қуаттылығы 130 мегаватты құрайтын 11 күн электр станциясы жұмыс істейді. Оның ішінде 4 ірі станция шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған. Солардың бірі – «Хуадиан» компаниясымен бірлесіп іске асырылған «Тесис» серіктестігінің қуаттылығы 40 мегаваттық күн электр станциясы. Жобаның жалпы инвестициялық құны 11,5 млрд теңгені құрайды. Мемлекет тарапынан қолдау ретінде 80 гектар жер телімі бөлініп, нәтижесінде жергілікті тұрғындар үшін 10 жаңа жұмыс орны ашылды.
Алдағы кезеңде өңірде жаңартылатын энергия көздерін одан әрі дамыту мақсатында ауқымды жобалар іске асырылмақ. Атап айтқанда, жалпы қуаттылығы 260,5 мегаваттан асатын 6 күн және 2 жел электр станциясын іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін арттырып қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға да оң ықпал етеді.
Мамандардың айтуынша, Қызылорда облысының «жасыл» энергетика саласындағы әлеуеті әлі толық игерілмеген. Қазіргі таңда өңірде 500 мегаваттқа дейін электр энергиясын қабылдауға мүмкіндік беретін дайын инфрақұрылым бар. Бұл – жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптасқанын білдіреді.
Айта кету керек, облыстың тәуліктік электр энергиясына деген қажеттілігі шамамен 203 мегаватты құрайды. Жоспарланған жобалар толық іске қосылған жағдайда, өңір өзін толықтай жаңартылатын энергия көздері есебінен қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қызылорда облысында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесін талқылап, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты. Бұл бастамалар өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, экономикалық өсімге серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді деп күтілуде.







