ҚЫЗЫЛОРДАДА ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТАР 7 АЙДА 563 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ШЫҒЫН КЕЛТІРГЕН
Қызылорда облысында интернет-алаяқтық мәселесі әлі де өзекті. Технология дамыған сайын қылмыскерлердің де азаматтарды алдау тәсілдері өзгеріп, күрделене түскен. Бүгінде алаяқтар телефон арқылы қорқытып қана қоймай, жасанды интеллект көмегімен танымал адамдардың бейнесі мен дауысын пайдаланып, жалған инвестициялық ұсыныстар таратып, әлеуметтік желілер арқылы оңай жұмыс ұсыну секілді тәсілдерге көшкен. Ал мұндай әрекеттердің салдары тұрғындар үшін миллиондаған теңге шығынға ұласуда, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
«Е-Otinish» платформасы арқылы жолданған журналистік сауалға Қызылорда облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жауап беріп, өңірдегі интернет-алаяқтық бойынша 2026 жылдың жеті айындағы статистиканы ұсынды. Ресми мәліметке сәйкес, осы кезеңде облыс көлемінде интернет-алаяқтықтың 277 дерегі тіркелген. Былтырғы сәйкес кезеңде мұндай 286 қылмыс тіркелген болатын. Осылайша қылмыс саны 3,1 пайызға төмендеген.
Алайда көрсеткіштің аздап төмендеуі мәселенің салмағын жеңілдетіп тұрған жоқ. Себебі жеті айдың өзінде интернет-алаяқтықтан жәбірленушілерге келген шығын көлемі 563 миллион 722 мың 952 теңгеге жеткен. Бұл – тұрғындардың қалтасынан шыққан орасан қаржы. Біреулер үшін бұл жылдар бойы жинаған қаражат болса, енді бірі үшін несиеге немесе басқа қажеттілікке алынған ақша болуы мүмкін.
Полицияның мәліметінше, тіркелген қылмыстарды ашу көрсеткіші де айтарлықтай өскен. 2025 жылдың жеті айында интернет-алаяқтық қылмыстарының ашылуы 34,2 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш 50,4 пайызға жеткен. Яғни бір жыл ішінде 16,2 пайыздық тармаққа жақсарған. Сотқа жолданған істер саны да артқан. Былтыр сотқа 89 іс жолданса, биыл жеті айдың ішінде 132 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43 іске көп.
Сонымен қатар интернет-алаяқтықпен айналысуды тұрақты табыс көзіне айналдырған 41 адам жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұсталған. Бұдан бөлек, жергілікті азаматтардың банктік деректерін заңсыз жинап, алаяқтарға сатумен айналысқан бір адам және өз атына SIM-карталар тіркеп, оларды алаяқтарға сатумен айналысқан төрт адам құрықталған.
Интернеттегі қылмыстың тағы бір қауіпті бағыты – дропперлердің пайда болуы. Полиция түсіндіргендей, дроппер деп қылмыстық әрекетке көмектесетін немесе оған қатысатын адамдарды атайды. Алаяқтар жәбірленушілерден алынған қаражатты басқа адамдардың банк карталары мен есепшоттары арқылы өткізіп, одан әрі басқа шоттарға аударуы мүмкін.
Осылайша қылмыстық схемаға тікелей алаяқтық жасамаған адамдар да араласып кету қаупі бар.
2025 жылдың қыркүйегінен бастап дропперлерге қатысты Қылмыстық кодексте 232-1-бап бойынша жауапкершілік енгізілген. Қызылорда облысында осы бапқа қатысты 2026 жылдың жеті айында 28 қылмыстық іс тіркеліп, оның 12-сі сотқа жолданған.
Дропперлерді қылмыстық схемаға тартудың бір тәсілі – әлеуметтік желілердегі жалған жұмыс туралы хабарландырулар. Алаяқтар әсіресе жастарға, студенттерге немесе жұмыс іздеп жүрген адамдарға «оңай табыс» ұсынуы мүмкін. Шарты да қарапайым көрінеді. Банк картасын немесе оның реквизиттерін беру, кейін әрбір аударым үшін бірнеше мыңнан ондаған мың теңгеге дейін ақша алу. Сырттай қарағанда бұл оңай жұмыс секілді. Бірақ мұндай жағдайда адамның банк шоты басқа адамдарды алдау арқылы алынған немесе заңсыз жолмен келген қаражаттарды өткізуге пайдаланылуы мүмкін.
Бірнеше мың теңге үшін берілген банк картасы адамның өзіне үлкен мәселе болып оралуы ықтимал. Сондықтан әлеуметтік желідегі «картаңды беріп, оңай ақша тап» деген ұсынысқа жай ғана қосымша табыс көзі ретінде қарауға болмайды.
Қазіргі алаяқтардың тағы бір қаруы – жасанды интеллект. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар соңғы уақытта түрлі инвестициялық жарнамаларға жиі тап болады. Кейбір бейнероликтерде елге белгілі адамдардың бейнесі пайдаланылады. Бейне шынайы сияқты көрінуі мүмкін, адамның дауысы да таныс болуы ықтимал. Бірақ бұл оның шынымен сол жарнамаға қатысы бар екенін білдірмейді.
Полицияның мәліметінше, алаяқтар танымал тұлғалардың бейнесін пайдаланып, олардың дауыстарын компьютерлік технологиялар арқылы өзгертіп, инвестицияға ақша салуға немесе оңай жолмен баюға шақыратын жалған бейнероликтер таратуда. Мұндай контент Instagram, Facebook және TikTok әлеуметтік желілерінде жиі кездеседі. Алаяқтардың есебі қарапайым. Адам танымал тұлғаны көргенде ұсынысқа көбірек сенуі мүмкін. Ал бейнені жасанды интеллект арқылы өңдеу технологиясы дамыған сайын жалған мен шынның ара-жігін ажырату қарапайым қолданушы үшін қиындай түсуде.
Интернет-алаяқтықтың бұдан бөлек кең таралған тәсілі «қауіпсіз есепшот» туралы әңгіме. Алаяқ өзін банк қызметкері немесе басқа мекеменің өкілі ретінде таныстырып, азаматқа оның шотында күдікті операция жасалғанын немесе атына несие рәсімделіп жатқанын айтуы мүмкін. Содан кейін «ақшаңызды сақтау үшін қауіпсіз есепшотқа аударыңыз» деген талап қояды. Полиция азаматтарды мұндай сөздерге сенбеуге шақырады. Өйткені алаяқтар «қауіпсіз есепшот» деген ұғымды азаматты қорқытып, ақшасын өздері бақылап отырған есепшотқа аударту үшін пайдалануы мүмкін.
SMS-код мәселесі де алаяқтардың жиі қолданатын психологиялық қысым құралдарының біріне айналған. Телефон арқылы хабарласқан адам азаматқа «кодты айтпасаңыз, атыңызға несие рәсімделеді» деп қорқытуы мүмкін. Мұндай кезде ең бастысы абыржып, бейтаныс адамның нұсқауын орындамау.
Полицияның түсіндіруінше, SMS-кодты айтып қойған жағдайдың өзінде банк қосымшасында тиісті растау әрекеттері жасалмайынша, азаматтың атына несие автоматты түрде рәсімделе салмайды. Сондықтан алаяқтың қысымына берілмей, мәселені банктің ресми байланыс арналары арқылы тексерген дұрыс.
Алаяқтықтың тағы бір қарапайым, бірақ жиі кездесетін түрі – әлеуметтік желілердегі жалған тауарлар мен қызметтер. Қолданушы арзан бағадағы тауарды немесе тиімді ұсынысты көріп, сатушыға хабарласады. Сатушы алдын ала төлем сұрайды. Ақша аударылғаннан кейін байланыс үзіледі. Тауар да, сатушы да жоқ. Сондықтан әлеуметтік желіден танымайтын адамға тауар немесе қызмет үшін алдын ала ақша аудару – үлкен тәуекел.
Құқық қорғау органдары интернеттегі қылмыстармен күресті күшейтіп жатқанын көрсетіп отыр. Ғаламтор кеңістігіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде заңға қайшы белгілері бар 450 сайт пен сілтеме бұғатталған. Сонымен бірге халық арасында профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Мемлекеттік және жеке ұйымдарда профилактикалық дәрістер оқылып жатыр. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау және басқа да ұйымдар бар. Халық көп шоғырланатын орындарда сақтық шаралары жазылған 8 мыңнан астам жадынама таратылған. Әлеуметтік желілерде арнайы бейнероликтер жарияланып, дропперлерге қатысты Қылмыстық кодекске енгізілген нормалар түсіндірілуде. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі үш мыңнан 80 мыңға дейін қатысушысы бар чаттар мен топтарда профилактикалық бейнероликтер мен жадынамалар жүйелі түрде жарияланып келеді. Блогерлер мен медиалық тұлғалар да азаматтарға интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері мен одан сақтану жолдарын түсіндіруге тартылуда.
Дегенмен алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, тұрғындар әлі де алаяқтардың арбауына түсуде. Полицияның айтуынша, азаматтар SMS-кодпен қорқыту, инвестиция арқылы ақша көбейту және жалған тауарлар мен қызметтер үшін алдын ала төлем талап ету секілді тәсілдерге сеніп қалады. Кейбірі «қауіпсіз есепшотқа» ақша аударып, қылмыскерлердің сөзіне еріп кетеді. Мәселенің бір бөлігі – алаяқтардың әрекет ету тәсілдерін халықтың толық түсінбеуінде. Қылмыскерлер адамның эмоциясына әсер етеді. Бір жағдайда қорқытады, екінші жағдайда оңай ақша табуды ұсынады, үшінші жағдайда уақытты әдейі қысқартып, адамға ойлануға мүмкіндік бермейді.
Бүгінде алаяқтардың технологиялық мүмкіндігі де артқан. Бұрын жалған қоңырау мен өтірік хабарлама негізгі құрал болса, қазір адамның көзіне шынайы көрінетін бейне, таныс дауыс, жалған инвестициялық платформа және кәсіби жасалған жарнама қолданылады. Әлеуметтік желідегі бір ғана жарнама адамның назарын аударып, одан кейін жалған сайтқа өтуге немесе алаяқпен байланысуға әкелуі мүмкін.
Сондықтан полиция азаматтарды ең алдымен сабыр сақтауға және ақпаратты тексермей тұрып ақша аудармауға шақырады. Танымал адамның бейнесі бар инвестициялық жарнамаға да, телефон арқылы хабарласқан банк қызметкеріне де бірден сенуге болмайды. Банк картасын, есепшотты немесе SIM-картаны бөгде адамға беруге де болмайды.
2026 жылдың жеті айындағы 277 қылмыстық дерек пен 563 миллион 722 мың 952 теңге шығын – интернеттегі алаяқтықтың Қызылорда облысы үшін қаншалықты ауыр мәселеге айналғанын көрсетіп отыр. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші өсіп, сотқа жолданған істер саны артқанымен, алаяқтар технологияны пайдаланып жаңа тәсілдер ойлап табуын тоқтатар емес.
Бүгін алаяқ телефонның ар жағында отыр. Ертең ол әлеуметтік желідегі танымал адамның бейнесінің тасасында тұруы мүмкін. Ал келесіде «жұмыс беремін» деп сіздің банк картаңызды сұрауы ықтимал.
Сондықтан ең бастысы бейтаныс адамның сөзіне емес, тексерілген ресми ақпаратқа сену. SMS-кодты, банк деректерін бермеу, «қауіпсіз есепшотқа» ақша аудармау, жалған инвестицияға қызықпау және бейтаныс адамға алдын ала төлем жасамау. Қарапайым сақтық шаралары болғанымен, жүздеген адамның қаржысын сақтап қалуы мүмкін.
Өйткені интернеттегі алаяқтықтың ең қауіпті тұсы – қылмыскердің сізге күмәнді адам болып көрінбеуі. Ол өзін банк қызметкері, жұмыс беруші, инвестициялық сарапшы немесе тіпті көпшілікке таныс адамның бейнесі ретінде көрсетуі мүмкін. Ал оның мақсаты біреу ғана – сіздің ақшаңызға қол жеткізу.
Қаз
Рус






