ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев төрағалық еткен мәжілісте жаңадан құрылған облыстық туризм басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Дінмұхамед Ермеков таныстырылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, жауапты сала жетекшілері қатысты.
Мәжіліс барысында өңірдегі туризм саласын дамыту, инвестициялық мүмкіндіктерді арттыру, тарихи-мәдени мұраларды тиімді пайдалану және ішкі туризмнің әлеуетін көтеру мәселелері кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы жаңа басқарманың құрылуы өңір экономикасын әртараптандыруға және туристік саланы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан берілген тапсырмаларға сәйкес шетелдік инвесторларды тарту, экономиканың түрлі салаларын дамыту және отандық туризмді жүйелі түрде қолдау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
– Мемлекет басшысының шетелдік инвесторлардан ел экономикасына қосымша қаржы тарту, отандық туризмді дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыстық туризм басқармасы құрылды. Жаңа басқармаға өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді жұмысты үйлестіруді тапсырамын. Туризм саласы – экономиканың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан тарихи-мәдени мұраларды тиімді пайдаланып, өңірге келетін туристер санын көбейтуге ерекше назар аудару қажет, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақ басшысы Қызылорда облысының тарихи-мәдени және табиғи туристік әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде туризмді дамытуға мүмкіндік беретін киелі орындар, көне тарихи ескерткіштер, экологиялық және этнотуризм бағыттары жеткілікті. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге болатыны айтылды. Мәжілісте жаңа басқарма басшысына туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сервистік қызмет сапасын арттыру және туристерге қолайлы орта қалыптастыру бағытында бірқатар маңызды міндеттер жүктелді. Сонымен қатар халықаралық және республикалық деңгейде өңірдің туристік имиджін қалыптастыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтылды. Жиын барысында өңірдегі тарихи-мәдени мұраларды сақтау және оларды туризм саласымен ұштастыру мәселелері де талқыланды. Аймақ басшысы Сыр өңірінің тарихы терең, мәдениеті бай өлке екенін айтып, көне қалалар мен тарихи орындарды кеңінен насихаттау арқылы туристік тартымдылықты арттыруға болатынын жеткізді. Мәжілісте таныстырылған жаңа басқарма басшысы Дінмұхамед Ермеков туризм саласын дамыту бағытындағы жоспарларына тоқталып, өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқаратынын айтты.
Дінмұхамед Жандарбекұлы 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Жоғары білімді маман. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында «Құқықтану» және «Қаржы» мамандықтары бойынша білім алған. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі білімін жетілдіріп, Швейцария бизнес мектебі оқу орнында «Іскерлік әкімшілік» докторы ғылыми дәрежесін иеленген.
Еңбек жолында мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинақтаған. Әр жылдары Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылымдарында жауапты қызметтер атқарған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Премьер-Министр Кеңсесі мен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүйесінде еңбек етіп, мемлекеттік басқару саласында тәжірибе жинақтады. 2023-2025 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, қаладағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге үлес қосты. Сонымен қатар облыстық дін істері басқармасының басшысы ретінде қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, рухани келісімді нығайту және діни ахуалды тұрақтандыру бағытында қызмет атқарды. 2025 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келді. Осы кезеңде мемлекеттік басқару жүйесіндегі ұйымдастырушылық қабілетімен және жауапкершілігімен ерекшеленді. Жиында облыс әкімі туризм басқармасының алдағы қызметіне тоқталып, өңірге инвестиция тарту, туризм саласына жеке кәсіпкерлерді кеңінен тарту және халықаралық стандарттарға сай туристік өнім қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге тарихи-мәдени нысандардың инфрақұрылымын дамыту, жол сапасын жақсарту және сервистік қызмет көрсету деңгейін көтеру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ аймақ басшысы туристік бағыттарды цифрландыру, ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын күшейту және өңірдің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударды. Туризм саласы тек экономикалық емес, сонымен бірге өңірдің мәдени және рухани келбетін танытатын маңызды сала екені айтылды. Мәжіліс қорытындысында Мұрат Нәлқожаұлы жауапты сала басшыларына туризм басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізуді, өңірдің туристік әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар жаңа басқарма жұмысының нәтижелі болуы өңір экономикасының дамуына, кәсіпкерліктің кеңеюіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал ететіні атап өтілді.
Жиын соңында облыс әкімі жаңадан тағайындалған басқарма басшысына сәттілік тілеп, алдағы қызметіне жоғары жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді.







