Ардақ Ибраимов ірі инвесторлармен кездесу өткізіп, аудандағы инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады

1 593

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіБүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов еліміздегі ірі инвесторлармен кездесіп, аудан экономикасын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Кездесуге ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және инвестициялар саласының жауапты мамандары қатысып, ауданда жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мәселелері жан-жақты қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында әсіресе егін шаруашылығын дамыту, егіске қолайлы жерлерді тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен экспорт әлеуетін арттыру бағытындағы инвестициялық мүмкіндіктерге ерекше көңіл бөлінді. Инвесторларға ауданның табиғи-климаттық ерекшеліктері, топырақ құрылымы мен су ресурстары жөнінде толық ақпарат беріліп, егіс алқаптарын тиімді пайдалану перспективалары түсіндірілді.

Сонымен қатар, инвесторлар аудан аумағында ауыл шаруашылығына қолайлы жер телімдерін көзбен көріп, зерттеп, өндіріс көлемін арттыруға бағытталған жоспарларын нақтылады. Кездесу барысында аудан әкімі Ардақ Ибраимов инвесторларға заң аясында жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Ол жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым тарту, әкімдік тарапынан қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу және жобаларды іске асырудағы әкімшілік қолдау шаралары толық қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Аудан әкімі кездесу қорытындысында инвесторлардың ауданға тартылатын жобаларының экономикалық тиімділігі жоғары болатынын, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтті. Келешекте тараптар арасында ынтымақтастықты нығайту, жобаларды нақты мерзімде жүзеге асыру және аудандағы инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізілетіні хабарланды.