Ішімдік ішіп көлік жүргізген сотталған өз өкінішін білдірді
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде абайсызда қылмыс жасағандар жазасын өтеуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мекемедегі жазасын өтеушілердің арасында жол-көлік оқиғасын жасап, сот үкімімен 2 жылға бас бостандығынан айырылған Берік есімді сотталғанмен сұхбаттасудың сәті түсті. Ол сол кездегі сәтті есіне алғым келмейді деп бір күрсінді. 25 жылдан бері көлік жүргізіп келе жатқан мені шайтан түртіп, ішімдік ішіп, көлік жүргіздім. Бірінші рет 2020 жылы досымның туған күнін тойлап, көлік жүргізетін ешкім болмаған соң, масаң күйде көлігімді өзім жүргіздім.
Содан полиция қызметкерлеріне ұсталып, әкімшілік хаттама толтырылып, 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығымнан айырылдым. Көлік жүргізу құқығымнан айырылған маған енді көліктің қажеті қанша деп, өз көлігімді де сатып жібергенмін. Ішімдік ішкен адам, өзіне бақылау жасай алмайды ғой, сондықтан біржола көлік жүргізуді тоқтатқанмын.
Ара-тұра ішімдік ішетінім бар еді. Сол ішімдіктің кесірінен 2023 жылдың наурыз айында масаң күйде бауырымның көлігін жүргізіп, екі жылға сотталып, міне темір торда отырған жайым бар. Өзімді елуді енсерген азаматпын деп айтуға ұяламын. Отбасыма, ағайын –туысқа қарайтын бетім жоқ. Мен сотты болып жүргенімде анамда дүние салғанын естідім.
Өкініш өзегімді өртейді. Анам сырқаты бар еді, сырқатына менің де түрмеде жазамды өтеп жатқаным қосылды. Қай ана баласын жамандыққа кияды. Менің анам да мені уайымдап өмірден өтті. Темір тордағы бос уақытым мекеме кітапханасында, спорттық шараларға қатысумен өтеді. Мекеме әкімшілігі жұмысқа орналастырып, отбасыма кішкене болса да көмек беріп отырмын. Бұл да маған берілген сынақ шығар. Осы жерге келіп, бостандықтың, отбасының ата-ананың қадірін түсініп жатырмын. Жастарға айтарым ішімдік ішіп көлік жүргізу өз өміріне балта шауып қана қоймай, басқа адамның да өмірін құрбан етесің дер едім. Жастықпен жасадым десем жас емеспін, 50 жасқа келіп, темір торда қамалып отыру мен үшін де оңай емес.
Сондықтан барлық нәрсенің қадірін біліңдер, бағалаңдар, ішімдікке жолмаңдар. Мекемеге келгелі психологтың, мекеме қызметкерлерінің қабылдауында болып, психолог маманның ақыл –кеңестерін тыңдап, өмірге деген құлшынысым оянды. Мені күтіп отырған отбасым бар екенін ойлап, болашағыма сенімділікпен қарай бастадым.
Қандай қылмыс жасасаң да оның өтеуі жаза екенін түсіндім деп әңгімесін аяқтады.
Дана Достанова
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД