ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА СОҒЫС АРДАГЕРІНЕ, КОММУНАЛДЫҚ САЛА МАМАНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА СОҒЫС АРДАГЕРІНЕ, КОММУНАЛДЫҚ САЛА МАМАНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына арнайы барып, Тереңөзек кентінде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Яхия Тасыров ақсақалды 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтады. Майдангерге Мемлекет басшысының және ел азаматтарының ыстық ықыласы мен құрметі жеткізіліп, дәстүрге сай сый-сияпат табысталды.
Ғасыр жасаған қарияның өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі болатын тағылымды тарих. Яхия Тасыров 1942 жылы майдан қатарына аттанып, Ұлы Отан соғысының ең шешуші шайқастарының бірі – Сталинград майданында ерлікпен шайқасты. Сонымен қатар, Курск доғасындағы кескілескен ұрыстарға қатысып, Польша жерін азат ету жолындағы әскери операцияларда батылдық танытқан. Майдан даласында Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған ардагер
бейбіт кезеңде де ел дамуына елеулі үлес қосты. Ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, туған жердің өркендеуіне, елдің әл-ауқатының артуына қызмет етті.
Кездесу барысында Нұрлыбек Нәлібаев ардагердің ерлігі мен өнегелі өмір жолы кейінгі буын үшін үлкен тәрбие мектебі екенін атап өтті. Сондай-ақ, аға буын өкілдеріне көрсетілетін құрмет пен қамқорлық мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Одан кейін қала және аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының, аумақтық департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысқан кеңейтілген мәжіліс өтті. Басқосуда Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысында бірге қызмет атқарған әріптестеріне ризашылығын білдіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалдым. Бұл – мен үшін үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Сіздермен бірге төрт жылдан астам уақыт бойы туған жеріміздің өсіп-өркендеуі жолында бірлесе еңбек еттік. Осы кезеңде Президент пен Үкіметтің тікелей қолдауының арқасында аймақта көптеген ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар қолға алынып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамыды. Қызылорда облысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша республикада үнемі алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл – бірліктің, кәсіби тәжірибенің және ортақ еңбектің нәтижесі, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан» реформалары мен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының маңыздылығына тоқталды.
– «Әділетті Қазақстан» реформалары мен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының табысты орындалуы – барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Сондықтан алдағы уақытта да ел игілігі жолында бірлесе жұмыс істеуіміз
қажет. Жаңадан тағайындалған облыс басшысы Мұрат Ергешбаевқа қолдау көрсетіп, өңірдің дамуына бірге атсалысасыздар деп сенемін. Үкімет тарапынан да жан-жақты қолдау жалғасады. Мұрат Нәлқожаұлына Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда табыс тілеймін. Өңіріміз өркендеп, дами берсін, – деді ол.
Мәжілісте аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, инвестиция тарту, құрылыс, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы көрсеткіштер кеңінен сөз болды. Қатысушылар өңірде жүзеге асқан маңызды бастамалардың елдің әл-ауқатын арттыруға оң әсер еткенін атап өтті.
Бұдан кейін Нұрлыбек Нәлібаев зиялы қауым өкілдерімен бірге Президент паркі аумағында салынып жатқан 300 орындық балалар тынығу лагерінің құрылыс барысымен танысты. Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.
Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан лагерьде балалардың сапалы демалуына, денсаулығын нығайтуына және жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған. Нысан аумағында спорт кешені, мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған арнайы event-аймақ, ұлттық нақыштағы заманауи үлгідегі 5 киіз үй, ашық бассейн, түрлі спорт ойындарына арналған алаңдар, амфитеатр, балалар мен тәрбиешілерге арналған тұрғын блоктар орналастырылады.
Жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істейтін лагерь өңірдегі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұнда тәрбиелік, мәдени-танымдық және спорттық шаралар тұрақты өткізіліп, жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жоба 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев коммуналдық сала қызметкерлерімен арнайы кездесіп, сала мамандарының еңбегіне ризашылығын білдірді. Ол коммуналдық қызметкерлердің тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
– Коммуналдық сала – халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты аса маңызды бағыттардың бірі. Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында өңірде тазалық сақталып, тұрғындар қажетті коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз етілуде. Бұл – үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін жұмыс. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Кездесу барысында коммуналдық салада ұзақ жылдар еңбек етіп, өз міндеттерін абыроймен атқарған бірқатар қызметкерге Алғыс хаттар табысталып, еңбектері ерекше аталып өтті.
Сонымен қатар, Нұрлыбек Нәлібаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен арнайы кездесіп, журналистер қауымына өңірдің дамуы жолындағы жұмыстарды халыққа жедел әрі сапалы жеткізіп жүргендері үшін ризашылығын білдірді.
Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, елді мекендерді абаттандыру, инвестициялық жобалар мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар туралы сөз қозғалды. Журналистер қауымы да өңірдің өркендеуіне бағытталған бастамаларды кеңінен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар елдің тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







