Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен актив отырысы өтті
Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен жұмыс жиынында кадрлық өзгерістер мәселесі қаралып, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөліміне жаңа басшы таныстырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан әкімі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңына және конкурстық комиссия шешіміне сәйкес аудан әкімінің өкімімен тағайындалған бөлім басшысы міндетін атқарушысы Есенов Жайдарбай Мырзабайұлын ресми түрде таныстырып, оның алдағы жұмыс бағыттарын атап өтті.
Жиын барысында аудан әкімі жаңа басшыға жүктелетін міндеттердің ауқымды әрі жауапты екенін жеткізді. Ардақ Ибраимов спорт пен туризм саласының аудан өміріндегі маңызы жоғары екеніне тоқталып, бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың нәтижелі жүзеге асырылуы үшін саланың жүйелі дамуын қамтамасыз ету қажет екенін айтты. Ол Жайдарбай Мырзабайұлына спорттық қозғалысты жандандыру, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруді тапсырды. Сонымен қатар халықтың әртүрлі топтары арасында спортқа деген қызығушылықты арттыру, спорттық іс-шараларды сапалы ұйымдастыру, аудан көлеміндегі спорт нысандарының жағдайына тұрақты бақылау орнату міндеттері де жүктелді. Әкім спорт алаңдары мен жаттығу алаңдарының техникалық жай-күйін үнемі назарда ұстап, анықталған кемшіліктерді жою бағытында нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті.
Ардақ Ибраимов Жайдарбай Мырзабайұлының кәсіби біліктілігі мен еңбек тәжірибесін ескеріп, бөлім жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деген сенім білдірді.
Жайдарбай Мырзабайұлы Есенов 1990 жылы дүниеге келген. Ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдап, кәсіби білімін спорт саласына арнаған. Еңбек жолын 2008 жылы Жалағаш ауданындағы №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы ретінде бастаған. Сол уақыттан бері спорт саласында түрлі бағытта қызмет атқарып, тәжірибесін жетілдіріп, өз ісінің кәсіби маманы ретінде танылып келеді.
Жиын соңында аудан әкімі жаңа басшыға сәттілік тілеп, оның басшылығымен аудан спорты мен туризмінің жаңа серпін алатынына сенім артты.







